
Бүгін өңірде аграрлық сектор қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. Олар облыстың азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық дамуының тірегіне айналған жандар.
Аймақтың ауыл шаруашылығы саласы тұрақты өсімді көрсетіп келеді. Биылғы егін жинау науқаны сәтті аяқталды: майлы дақылдардың өнімділігі гектарына 20,7 центнерді құрап, 537 мың тонна өнім жиналды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 27 пайызға көп.
Шаруаларға қолдау ретінде «Кең дала 2» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы іске қосылды. Бүгінде 5% мөлшерлемемен 14 млрд теңгеден астам несие берілді.
Мал шаруашылығында да оң динамика байқалып отыр: сүт өндірісі 10%-ға, ірі қара саны 3%-ға, жылқы шамамен 4%-ға, құс 1,5%-ға жуық артты. Алтай ауданында мың басқа арналған жаңа сүт-тауарлы фермасы іске қосылуда. 600 басқа арналған тағы бір шаруашылықты жаңғыртуға мемлекет қолдау көрсетті.
Қайта өңдеу саласы да қарқынды дамып келеді. Ет өндірісі 81%-ға, өсімдік майы – 28%-ға, ұн – 20%-ға, сары май – 15%-ға, балық – 11%-ға, кондитерлік өнімдер – 13%-ға, ірімшік пен сүзбе – 8,7%-ға өсті. Қайта өңделген өнім экспорты 70%-ға дейін ұлғайды.
Май кәсіпорындары жаңа экспорттық келісімшарттарға қол қойды. Бұл жетістіктер – алқаптарда, қожалықтарда, зауыттар мен қайта өңдеу кәсіпорындарында еңбек етіп жүрген мыңдаған маманның тікелей еңбегінің жемісі.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов барша сала қызметкерлеріне жоғары кәсібиліктері мен өңір дамуына қосқан үлестері үшін алғыс айтып, дендеріне саулық, отбасыларына береке, жұмыстарына толағай табыс тіледі.
Барлығы 50-ге жуық адам марапатталды. Оларға орден, төсбелгі және Құрмет грамоталары берілді.