
Бүгін Өскеменде бокстан 2008-2009 жылы туған жастар арасында Қазақстан чемпионаты басталды. Онда еліміздің 20 өңірінен келген боксшылар бақ сынайды. Жарыстың ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
«Бұл чемпионат - ел спортындағы маңызды оқиғалардың бірі. Ол жас спортшыларға шынығып, тәжірибе жинақтап, шеберліктерін шыңдай түсуге мүмкіндік береді.
Бүгінде облыста 1 628 спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Тағы 8 нысанның құрылысы жүргізілуде. Қазан айында Ұлан ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды. 2025 жылдың аяғына дейін осындай екі кешен пайдалануға беріледі.
Жарысқа қатысып жатқан спортшыларға сәттілік тілеймін! Еліміздің көк туы әрдайым биікте желбірей берсін!», - деді аймақ басшысы.
Жыл басынан бері Шығыс Қазақстанда 2,5 мыңнан астам спорттық шара өткізілген. Өңір халқының 45%-ы жүйелі түрде денесін шынықтырып, спортпен айналысады. Ал 34 жаттықтырушы 1 200 спортшыны боксқа баулып жатыр.
23 қарашаға дейін созылатын чемпионатта қатысушылар 11 салмақ бойынша бәсекеге түседі. 408 спортшының ішінде Шығыс Қазақстанның намысын 23 боксшы қорғайды.