
Бүгін облыстық «Туған жер - алтын бесігім» жобасы аясында Өскеменде Күршім ауданының мәдени күндері басталды. ШҚО филармониясына жиналған жұрт әуелі ауданда өндірілетін өнімдерден дәм татып, шеберлердің көрмесін тамашалады.
Онда қолданбалы өнер бұйымдары, ұлттық әшекейлер, ағаштан, киізден және металдан жасалған түрлі туындылар ұсынылды.
Бұдан бөлек, Күршімнің өнеркәсіп, білім, спорт және мәдениет салаларындағы даму жетістіктерін көрсететін көрме назарға қойылған.
Содан соң ауданның шығармашылық ұжымдарының гала-концерті басталды. Залға лық толған көрермен вокалистердің, би ансамбльдерінің, аспаптық ұжымдардың өнерін тамашалады.
Айта кетейік, Күршімнің мәдени күндері ертең де жалғасын табады. Таңғы сағат 08:00-ден бастап Жібек Жолы даңғылы, 44 мекенжайында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Онда қала тұрғындары мен қонақтары экологиялық таза өнімдерді нарықтағыдан арзан бағаға сатып ала алады.