Өскемен жылу электр орталығы жаңғыртудың жаңа кезеңін аяқтауға жақын

Өскемен жылу электр орталығы жаңғыртудың жаңа кезеңін аяқтауға жақын

Өскемен қаласында облыс орталығының негізгі жылу көзі саналатын жылу электр орталығында (ЖЭО) жаңғыртудың кезекті кезеңі аяқталып келеді.

75 жылдан астам уақыт бұрын іске қосылған ЖЭО соңғы жылдары ауқымды жаңарту жұмыстарының алаңына айналды: жабдықтар жаңартылып, басқару жүйелері автоматтандырылуда. Ең бастысы – жылу беруді тоқтатпай, барлық жұмыстар бір мезгілде жүргізілуде. Бұл – өңірдің тұрақты энергиямен қамтылуы үшін стратегиялық маңызы бар міндет.

Бүгінде Өскемен ЖЭО қаладағы ірі өнеркәсіп кәсіпорындарын, тұрғындарды және әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз ететін негізгі көздің бірі болып табылады. Кәсіпорын облыстағы ең ірі жылу электр орталығы әрі электр энергиясын өндіретін жетекші нысан саналады. Орта есеппен ЖЭО-да жылына 290 Гкал/сағ жылу және 230 МВт электр қуатын өндіреді. Негізгі отын көзі – қазақстандық көмір.

Кәсіпорында экологиялық қауіпсіздікке де айрықша назар аударылған. Мұнда түтін мұржаларынан шығатын шаң, азот және күкірт оксидтерінің мөлшерін үздіксіз бақылайтын автоматтандырылған экологиялық мониторинг жүйесі (АСЭМ) жұмыс істейді. Жүйе тіркеген деректер бірыңғай басқару орталығына жіберіліп, уәкілетті органдарға қолжетімді етіледі.

Кәсіпорынның экология қызметінің мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері ауаға тарайтын шаңның орташа тәуліктік көрсеткіштері белгіленген нормадан аспаған. Бұған қоса, бақылау аймағы кеңейтіліп, өндіріс аумағынан бөлек, қаладағы төрт тұрғын ауданында қосымша өлшеу бекеттері орнатылды.

Жаңғыртудың маңызды бағыттарының бірі – су дайындау және күл-қож қалдықтарын шығару жүйесін жетілдіру. ЖЭО-да айналымды сумен жабдықтау жүйесі енгізіліп, бұл өзеннен алынатын техникалық судың көлемін 40 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік берді. 99 пайыздан астам тиімділікпен жұмыс істейтін күл ұстау жабдықтары орнатылған. Азот пен күкірт оксидтерін азайту технологиялары қолданысқа енгізілді. Күл-қож қалдықтары арнайы полигонға орналастырылады, ал болашақта оларды құрылыс материалдары өндірісінде пайдалану көзделген.

Сондай-ақ ЖЭО-да жылу энергиясын есепке алудың автоматтандырылған жүйесі енгізіліп, ол нақты уақыт режимінде параметрлерді бақылауға және ауа райына қарай жылу беру көлемін реттеуге мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары экология мәселесі қоғам назарында тұр. Қала тұрғындары мен экологиялық қозғалыстар өкілдері бірнеше мәрте ауа сапасына қатысты мәселе көтерген болатын. Осыған орай кәсіпорын ашықтық саясатын ұстанып, БАҚ пен жұртшылық үшін кәсіпорын аумағына экскурсиялар ұйымдастырады, шығарындылар туралы есептер жариялап, экологиялық ұйымдармен ынтымақтастық орнатқан. 2025 жылы ғана кәсіпорын өңір аумағында 250 түп ағаштар көшетін отырғызған. Бұл – экологиялық жауапкершіліктің нақты көрінісі.

– Бір жылдың ішінде түбегейлі өзгеріс енгізу мүмкін емес, бірақ оң қарқын бар. Барлық қолжетімді заманауи технологиялар енгізіліп, жұмыс жағдайында ұсталып отыр, – дейді Өскемен жылу электр орталығының өкілдері.

Алдағы уақытта кәсіпорында қазандық пен турбиналық жабдықты жаңарту, жаңа қуатты қазан мен турбина орнату жоспарлануда. Бұл жобалар еліміздің 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясымен үйлеседі. Өңірдегі ең көне ЖЭО үшін бұл – экологиялық таза әрі энергия үнемдеуші технологияларға кезең-кезеңімен көшу жолы.

Өскемен ЖЭО 1947 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі таңда ЖЭО-ның орнатылған жылу қуаты – 859,9 Гкал/сағ, электр қуаты – 372,5 МВт. Негізгі отын – Қаражыра кен орнының көмірі. Соңғы үш жыл ішінде ЖЭО жаңғыртуына 10 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған.