ШҚО әкімі «Kazakhstan Global Investment Roundtable» форумына қатысты

ШҚО әкімі  «Kazakhstan Global Investment Roundtable»  форумына қатысты

Астанадағы ірі инвестициялық форумда Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов шетелдік инвесторлармен екі маңызды меморандумға қол қойды.

Бірінші келісім «Harvest Agro Holding» компаниясымен жасалды. Жоба аясында су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, суармалы агрокластер құрылмақ. Жалпы инвестиция көлемі – 74,2 миллион АҚШ доллары.

«Шығыс Қазақстан инвестиция құюға қолайлы аймақ ретінде танымал. Жері құнарлы болғандықтан өнімділігі жоғары өңірде ауыл шаруашылығын дамытуға зор мүмкіндіктер бар», – деді  Нұрымбет Сақтағанов.

 Екінші меморандум «Dengbo Success Minerals Ltd.» компаниясымен жасалды. Құжатқа сәйкес, инвесторлар «Ново-Березовское» полиметалл кен орнын игеру және қайта өңдеу жұмыстарын жүргізеді. Бұл жобаның инвестициялық құны – 35,6 миллион АҚШ доллары.

Инвестиция тарту - ел экономикасын дамытудың маңызды қадамы. Ал Шығыс Қазақстан үшін бұл жай ғана келісімдер мен көрсеткіштер емес, нақты мүмкіндіктер. Бұл - жаңа жұмыс орындары, инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатқан ауылдардың дамуы және тұрғындардың өмір сапасының жақсаруы.

Форум барысында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов атап өткендей, Мемлекет басшысының тапсырмасымен елде жаңа инвестициялық цикл басталды. Яғни, мемлекет бизнесті демеп қана қоймай, жаңа салалардың құрылуына тікелей атсалысады. Үкімет жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде инвесторларға қолдау көрсетуге дайын.

Айта кетейік, ірі инвестициялық форумға 40 елдің өкілдері жиналған.