
Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты шара өтті.
Оған аймақ басшысының орынбасары Ербол Нұрғалиев қатысты.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік тұрғыда осал топтарды қолдау, оларды қоғам өміріне белсене тарту мәселелеріне айрықша мән беріп келеді. Осы маңызды міндеттерді жүзеге асыру жолында әлеуметтік қызметкерлердің еңбегі ерен, жауапкершілігі жоғары. Сіздер қиын жағдайға тап болған азаматтардың үмітін үзбей, оларға әрдайым тірек болып, қамқорлық көрсетіп келесіздер. Сол үшін сіздерге шынайы алғысымды білдіремін!», - деді Е.Нұрғалиев.
Содан соң ол жемісті жұмыс істеп жүрген сала қызметкерлеріне марапаттарын табыстады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «Еңбек ардагері» медалі Зайсан қаласының аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы Гүлбақыт Бердібаеваға, «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісі Өскемен қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің бас маманы Айгүл Сүлейменоваға, министрліктің Құрмет грамотасы Глубокое ауданының аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталығының әлеуметтік қызметкері Раушан Байбусиноваға берілді.
«Үздік әлеуметтік қызметкер» және «Үздік әлеуметтік жоба» байқауларына қатысып, өңірлік кезеңнің жеңімпаздары атанған жандар ШҚО әкімі атынан Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Сондай-ақ көп жылғы адал еңбегі мен жоғары кәсібилігі үшін бірқатар азаматқа аймақ басшысының Алғыс хаты табыс етілді.
Бұдан бөлек, жұмыссыздық деңгейін төмендетудегі тиімді жұмысы және «Шығыс шақырады» бағдарламасы аясында қоныс аударушыларды белсенді түрде тартқаны үшін Катонқарағай ауданының мансап орталығының ұжымына «Еуразиялық банктің» қаржылай қолдауымен автокөлік сыйға тартылды.
Ары қарай салтанатты шара мерекелік концертке ұласты.