
Үлкен Нарын ауданында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылмақ. Бұл туралы аудан әкімі Елдос Байрахметов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.
Жергілікті бюджет есебінен Үлкен Нарын ауылында ипподром салу, сондай-ақ Үлкен Нарын мен Жұлдыз ауылдарында ұялы байланыс желісінің сапасын арттыру мақсатында антенна-мачта құрылғыларын орнату бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Сонымен қатар, Үлкен Нарын ауылындағы Абылайхан көшесіне күрделі жөндеу жүргізу де жоспарға енгізілген.
Аймақтың туристік әлеуеті жылдан жылға артып келеді. 2025 жылы ауданға 15 050 турист келіп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 165% өскен. Туристік инфрақұрылымды дамыту мақсатында «ҚазАвтоЖол» компаниясымен бірлесе заманауи жол бойы сервис павильоны пайдалануға берілді.
Болашақта Свинчатка ауылында демалыс базасы салынбақ. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына, сондай-ақ ауданның инвестициялық тартымдылығын арттыруға сеп болады. Мұндай жобалар өңірдің жол бойы туризмін жандандырып, шағын бизнестің дамуына серпін береді.
Ауданның басты басым бағыттарының бірі — халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету. «Үлкен Нарын ауылындағы су құбыры нысандарын және желілерін қайта жаңарту» жобасы аясында ұзындығы 77,4 шақырым болатын су жүйелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осындай жұмыстар Алтынбел, Үштөбе және Солдатово ауылдарында да атқарылып жатыр.
Су жүйелерін жаңғырту — тұрғындардың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, ауданның тұрақты дамуына да жол ашады. 2025 жылы Үлкен Нарын ауылында 10 көшеге орташа жөндеу жүргізіліп, жолдар, көпірлер мен су өткізу құрылыстары ретке келтірілді.