Әлеуметтік қорғау: жаңа реформалар мен әрбір шығыс қазақстандыққа қамқорлық

Әлеуметтік қорғау: жаңа реформалар мен әрбір шығыс қазақстандыққа қамқорлық

Бүгінгі таңда ШҚО-ның халқы 720 615 адамды құрайды. Оның ішінде 141,5 мың зейнеткер және 28,2 мың мүгедектігі бар тұлға бар. Экономикалық белсенді халық саны – 381,3 мың адам, жалпы жұмыссыздық деңгейі – 4,6%, жастар арасындағы – 3,3%, әйелдер арасындағы – 4,8%.
Бұл туралы ШҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының әлеуметтік және экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Әсел Түлепова Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде мәлім етті.
Әлеуметтік қорғау жүйесі – қоғамның адамгершілік бейнесі мен мемлекеттің мейірімін айқындайтын сала. Бүгінде осы маңызды бағытта өңір бойынша 51 ұйым жұмыс істейді. Онда 3,2 мыңнан астам білікті маман халықтың әл-ауқатын жақсарту жолында еңбек етуде. Әлеуметтік кодексті іске асыру аясында жыл сайын қолдаудың атаулылығын арттыруға, әлеуметтік қызметкерлердің мәртебесін күшейтуге бағытталған жаңа бастамалар енгізіліп келеді.
2025 жылы әлеуметтік қызметкерлерді аттестаттаудың жаңа жүйесі іске қосылды. Облыс бойынша 714 маманның 214-і сынақтан сәтті өтіп, кәсіби біліктілік сертификатына ие болды. Бұл – әлеуметтік қызметтің қоғамдағы беделін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесіне жан басына шаққан қаржыландыру принципі енгізілді. Осыған байланысты Шығыс Қазақстанда мекемелерді автоматтандыру және лицензиялау жұмыстары қарқын алды. Қазір өңірде 36 ұйым жұмыс істейді, оның 9-ы – үкіметтік емес, 27-сі – мемлекеттік мекемелер.
Облыстағы 10 медициналық-әлеуметтік мекемеде 2014 қызмет алушыға күтім көрсетілуде. Бұл мақсатқа 9 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.
Сондай-ақ, азаматтардың денсаулығын нығайту мен оңалтуды қамтамасыз ету де басты назарда. Жыл басынан бері «Уба» шипажайында 3 866 адам демалып, ем қабылдады, олардың 3 488-і – зейнеткерлер. Ал Грехово ауылындағы оңалту орталығы 788 тұрғынға қолдау көрсетті.
Аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары 3 082 адамды, оның ішінде 178 баланы қамтиды. Сонымен қатар, 6 үкіметтік емес ұйым 248 млн теңге көлемінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асырып, қосымша 383 тұрғынға қызмет көрсетіп отыр.
Мүгедектігі бар азаматтарға ерекше көңіл бөлінуде. Қазір облыста олардың саны 28 244 адамды құрайды, соның ішінде 3 615-і – балалар. Биыл осы санаттағы адамдарды оңалту техникалық құралдарымен және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етуге 4 млрд теңге бағытталды.
Наурыз айында Өскемен қаласында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды. Мұнда 470 зейнеткер өз өміріне жаңа серпін беріп, 19 шығармашылық және спорттық үйірмеде белсенді қатысуда.
Фото: Visit East Qazaqstan