
Күні кеше Өскеменнің «Алтай» футбол клубы шымкенттік «Оңтүстік» командасын 4:1 есебімен жеңіп, турнирлік кестеде 3 орынға жайғасқан болатын. Осылайша, алтайлықтар Қазақстан Премьер-лигасына жолдама алған үш клубтың қатарынан табылды.
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Республика күніне орай өткізілген салтанатты шара кезінде клуб ұжымын тарихи жетістігімен құттықтады. Мінберге көтерілген футболшыларға, жаттықтырушыларға бірінші лиганың қола медалін мойынға ілді.
«2023 жылы өңірде спорт саласын реформалауды бастаған едік. Сөйтіп, «Алтай» футбол клубы құрылды. Былтыр біздің команда Екінші лигадан Бірінші лигаға өтсе, биыл Премьер-лигаға жолдама алып отыр. Бұл нәтиже клуб басшылығының, бапкерлік құрамның, ойыншылардың еңбегі мен ауызбіршілігінің арқасында мүмкін болды», - дедi аймақ басшысы.
Өз сөзінде ол Өскеменде жабық футбол стадионының құрылысын басталатынын жеткізді. УЕФА-ның үшінші категориясына жататын стадион тек «Астана», «Қайрат» футбол клубтарын ғана емес, еуропаның үздік командаларын да қабылдай алатын болады.