
Бүгін облыстық филармонияның концерт залында Республика күніне орай «Менің Қазақстаным» атты салтанатты шара өтті. Оған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
«Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақстан әлемдік аренада танымал, саяси және экономикалық тұрғыда тұрақты, дамудың жаңа, әділ кезеңіне қадам басқан елге айналды. Біздің барлық жетістігіміз халқымыздың берекесі мен қажырлы еңбегінің нәтижесінде мүмкін болғанын ұмытпауымыз керек», - деді аймақ басшысы.
Өз сөзінде ол халықтың жағдайын одан әрі жақсартып, табысын арттыруда нақты шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Шығыс Қазақстан қуатты өнеркәсіптік, аграрлық, туристік және зияткерлік әлеуетін тиімді пайдалана отырып, Президент бастамаларын табысты жүзеге асырып келеді.
Басты міндет - 2029 жылға қарай экономиканың 2 есе артуын қамтамасыз ету және қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақтылығын сақтау.
Алдағы 2 жылда аймаққа кем дегенде 1,5 трлн теңге инвестиция тартылып, 780 мың шаршы метрден астам тұрғын үй мен 28 әлеуметтік нысан салынады, 1 мың шақырымнан астам жол мен көше жөнделеді.
Содан соң Нұрымбет Сақтағанов бірқатар шығысқазақстандықты Президент атынан «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен марапаттады.
Таяуда «Алтын домбыра» республикалық айтысында екінші орын алып, «Айтыс ақтаңгері» атанған Серік Қуанған мен бокстан Қазақстанның бас бапкері Қайрат Сәтжановқа Шығыс жұртшылығының атынан автокөлік, ал саналы ғұмырын айтысқа арнаған белгілі ақын Серік Құсанбаевқа 2 000 000 теңге табысталды.
Ары қарай шара өңір өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.