ШҚО-да Республика күні атап өтіледі

ШҚО-да Республика күні атап өтіледі

25 қазан – Республика күні қарсаңында ШҚО-да ауқымды мәдени шаралар легі ұйымдастырылмақ.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Мәдениет және мемлекеттік шығармашылық тапсырыс бөлімінің басшысы Лаззат Жұмашева мәлімдеді.

Мерекелік бағдарлама Өскемен қаласының ең көрікті және адам көп шоғырланатын орындарын қамтиды. Олардың қатарында «АДК–River», «Император», «Maxi Mall», ОРЦ «Алтай», Арбат және Қ. Қайсенов атындағы саябақ бар.

Мерекені өткізудегі басты мақсат – ел бірлігін бекемдеп, ұлттық рух пен мәдени құндылықтарды дәріптеу, тәуелсіз Қазақстанның абыройын асқақтату.

Қала тұрғындары мен қонақтарын мазмұны бай, әсерлі мәдени бағдарлама күтіп тұр.

«Maxi Mall» сауда үйінде Байжігіт атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі мен «Әлем сазы» вокалды-аспаптық ансамблі әуезді ән мен күйге бөлейді. Сондай-ақ мұнда Өскемен өнер музейінің «Бабалар рухы» атты көрмесі ашылып, облыстық драма және оперетта театрының «Рухы биік – Республика» концерт-спектаклі көрерменге жол тартады.

«Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығында облыстық филармонияның «Алтай» фольклорлық-этнографиялық ансамблі «Бабалар мекені Алтай» атты концертін ұсынады.
Арбатта екі көрме өтеді: «Шығыс Қазақстан облысы табиғаты» және «Күмістің сиқыры мен жарқылы». Онда өңір музейлерінің қорынан алынған бірегей жәдігерлер жұртшылық назарына ұсынылады.

«Император» сауда үйінде облыстық кітапханалар «Мәңгілік ел – Мәңгілік Республика» атты танымдық-мәдени кеш өткізеді.

Ал ерекше тарту – «Оқырман трамвай» атты шығармашылық акция болмақ. №3 бағытындағы трамвайда Республика күніне арналған әдеби оқулар мен поэтикалық кездесулер өтеді.

Мерекелік алаңдар күні бойы жұмыс істейді. Ұйымдастырушылар өскемендіктер мен қала қонақтарын елдің ең басты мерекесін – Республика күнін бірге тойлауға шақырады.