Астанада Қазақстанның XII Азаматтық форумы өтті

Астанада Қазақстанның XII Азаматтық форумы өтті

Астанада «Әділетті Қазақстан: азаматтық қоғам мен мемлекеттің өзара іс-қимылы» тақырыбында Қазақстанның XII Азаматтық форумы өтті.

Форум аясында орталық мемлекеттік органдардың, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің Қоғамдық кеңестері төрағалары мен хатшыларына арналған оқыту семинары ұйымдастырылды. Семинардың тақырыбы – «Қазақстандағы Қоғамдық кеңестер институтын жетілдіру».

Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитетінің Қоғамдық кеңестер бөлімінің меңгерушісі Г. Қабиева жақын уақытта қоғамдық бақылау тетіктерін іске асыруға бағытталған өзекті кейстер дайындалатынын, сондай-ақ Қоғамдық кеңестердің рейтингі көрсетілетін цифрлық карта әзірлеу жоспарланып отырғанын айтты.

«Қоғамдық кеңестер туралы» ҚР Заңы мен қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес, Кеңестер құрамын қалыптастыру тетігіне өзгерістер енгізу көзделген. Енді олардың құрамы тек азаматтық қоғам өкілдерінен жасақталатын болады. Бұл – мүдделер қақтығысын болдырмауға бағытталған маңызды қадам.

Семинар барысында Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Б. Нұрғазиева Қоғамдық кеңестердің азаматтық қоғамды дамытуға және мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға қосып отырған үлесіне тоқталып, Кеңес мүшелерінің белсенді азаматтық ұстанымының маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар ол кеңестердің жұмысын ұйымдастыру тәжірибесімен бөлісіп, форумда талқыланған негізгі мәселелерге — азаматтық қоғам институттарын жетілдіру жолдарына назар аударды.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облысы бойынша филиалының жетекшісі, Қоғамдық кеңес төрағасы С. Байболсынов сапа менеджменті жүйесіндегі жинақталған тәжірибені, тұтынушыға бағдарлану қағидатын, әлеуметтік портретті зерттеу мен коммуникацияны дамыту әдістерін, халықтың қанағаттану деңгейін анықтау тәсілдерін таныстырды.

Интерактивті бөлім барысында спикерлер Қоғамдық кеңестердің жұмыс тиімділігін арттыру мәселелеріне қатысты қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.