
ШҚО-да 600-ден астам үйге улы газды анықтайтын датчик орнатылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов мәлім етті.
«Жылыту маусымында өңір бойынша тұрғындарға иіс тиюдің және жер үйлердегі өрттердің алдын алу үшін 54 мың адамға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Халықпен 55 кездесу өткізіліп, 11 мың жадынама таратылды.
Бүгінде Шығыс Қазақстанда жер үйлерде улы газды анықтайтын 17 мың датчик орнатылған. Тағы да осындай 625 құрылғыны орнату жоспарланып отыр. Осы датчиктердің арқасында 2023 жылдан бастап қазірге дейін 42 адам құтқарылды», - деді аймақ басшысы.
Жыл басынан бері облыста 35 өрт шықса, оның ішінде 16-сы жер үйлерде болған. Былтыр және биыл иіс тиіп қайтыс болғандар тіркелген жоқ.