«Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында облыс орталығында Риддер қаласының мәдени күндері басталды. Екі күнге созылатын шаралардың шымылдығы «Ертіс концерт» залында түрілді.
Оған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Ең әуелі фойеде бірнеше тақырыптағы көрме ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Абай және оның замандастары» атты көркем-танымдық экспозиция ұлы ақынның мәдени мұрасынан сыр шертсе, «Халық шеберлері» көрмесінде риддерлік қолөнер шеберлерінің қолданбалы өнер бұйымдары, ұлттық әшекейлер, ағаштан, киізден және металдан жасалған туындылары ұсынылды.
Сондай-ақ жиналғандарға Риддер қаласының көркем табиғаты, экологиялық және тау туризмі жан-жақты таныстырылды.
Содан соң кеншілер шаһарынан келген шығармашылық ұжымдардың гала-концерті өтті. Көрермендер үшін вокалистер, би ансамбльдері, түрлі аспаптарда ойнайтын музыканттар өз өнерлерін паш етті.