Биылғы «Шығыс Салбурыны» фестивалі несімен ерекшеленбек

Биылғы «Шығыс Салбурыны» фестивалі несімен ерекшеленбек

8-11 қазан аралығында Ұлан ауданының көрікті Бозанбай ауылында «Шығыс Салбурыны-2025» атты бесінші, мерейтойлық Халықаралық фестиваль өтеді.

Бұл шара ұлттық мәдениет пен этнотуризм саласындағы жылдың ең жарқын және көптен күткен оқиғаларының бірі болмақ.

Биылғы фестиваль айрықша ауқымымен ерекшеленеді — Қазақстанның түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шетелдерден, соның ішінде Моңғолия, Венгрия, Қырғызстан және басқа елдерден жүздеген қатысушы мен қонақтар келеді деп күтілуде. Бұл туралы Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Маделхан Піржанов ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.

Фестиваль 2020 жылдан бері құсбегілік өнерін – бүркітпен аң аулау дәстүрін сақтау мен дәріптеудің бірегей алаңына айналды. Биыл ұйымдастырушылар тек көріністік мазмұнға ғана емес, мәдени және халықаралық байланысты нығайтуға баса назар аудармақ. Бағдарлама мазмұнды әрі әсерлі болмақ: этноспорттық жарыстар, мәдени қойылымдар, дәстүрлі салт-дәстүрлер, қолөнер жәрмеңкелері мен шеберлік сабақтары. Негізгі күндер:

8-9 қазан – қатысушыларды тіркеу, мандаттық комиссия жұмысы, жеребе тарту;

10 қазан – салтанатты ашылу, ұлттық киімдер мен жабдықтар көрмесі, қыран құстармен қойылымдар, бүркіт, қаршыға, ителгі және тазы иттердің шеберлігін көрсету;

11 қазан – финалдық жарыстар, мүшәйра ақындар байқауы, жеңімпаздарды марапаттау және гала-концерт.

Фестиваль аясында «Бүркіт төбе» этноалаңында 20-дан астам ұлттық нақыштағы киіз үй тігіліп, көрермендер назарына түрлі салт-дәстүрлер ұсынылады. ШҚО аудандары мен қалалары ата-баба дәстүрін жаңғыртып, мынадай ғұрыптарды көрсетеді: «Ашамайға мінгізу» (Өскемен қаласы), «Беташар» (Үлкен Нарын ауданы) «Тұсау кесу» (Зайсан ауданы), «Бесікке салу» (Глубокое ауданы), «Қырқынан шығару» (Тарбағатай ауданы), «Құйрық-бауыр асату», «Асату», «Сырға салу» және басқа да көне салттар.

Фестивальдің арнайы қонақтары қатарында: ҚР Туризм және спорт министрлігінің штаттық жаттықтырушысы Базарбек Күнтуған, Республикалық құсбегілер федерациясы вице-президенті Бағдатхан Мүптекеқызы, әлемге танымал моңғолиялық бүркітші қыз — Айшолпан Нұрғайып, халықаралық аңшылық және этномәдени ұйымдардың өкілдері бар.

«Шығыс Салбурыны-2025» – фестиваль тарихындағы ең ірі шара болмақ.

Бұл – ұлттық рухты оятатын, шетелдіктерді таңдай қақтырған және бірегей қазақ өнерін халықаралық деңгейге шығаратын оқиға! Ұлттық мұрамен қауышқыңыз келсе – бұл фестивальді жіберіп алмаңыз.