20 қыркүйек - World Cleanup Day халықаралық акциясы

20 қыркүйек - World Cleanup Day халықаралық акциясы

20 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысының бүкіл аумағында World Cleanup Day – Дүниежүзілік тазалық күні халықаралық акциясы өтеді. Бұл бастама әлемнің миллиондаған адамын планетаны таза ұстау үшін біріктіре түспек.

Бұл күні өңірдің қала және ауыл тұрғындары саябақтарды, аулаларды, жағалауларды тазалауға шығады.

Әр жерде тазалық жұмыстары тұрғындар, ұйымдар мен белсенділер таңдаған қоғамдық аумақтарда жүргізіледі.

Өскеменде акция ауқымды түрде өтеді.

Атап айтқанда: мектептердің, кәсіпорындар мен ұйымдардың бекітілген аумақтарында тазалық жұмыстары жүргізіледі; Экоеріктілер мен мемлекеттік органдардың өкілдері үшін арнайы аумақ – Шмелев Лог ауданы таңдалған.

Іс-шара «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында облыс және Өскемен қаласы әкімдіктерінің, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, ШҚО Экология департаментінің, қоғамдық ұйымдар мен экологиялық қозғалыстардың қолдауымен өтеді.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі акция нәтижелерін «ҚАЭА» Қазақстан рекордтар кітабына енгізу үшін өтінім берді.

Рекордқа қол жеткізу үшін өңірдің әр тұрғынының қатысуы және ортақ іске үлес қосуы маңызды.

Акцияға мемлекеттік органдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері, студенттер мен оқушылар, үкіметтік емес ұйымдар, еріктілер қозғалысының өкілдері және белсенді облыс тұрғындары қатысады деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, World Cleanup Day – жыл сайын 190-нан астам елді біріктіретін халықаралық қозғалыс. Қазақстан экологиялық мәдениеті мен азаматтық жауапкершіліктің жоғары деңгейін көрсетіп, бұл бастаманы дәстүрлі түрде белсенді қолдап келеді.

Ұйымдастырушылар Шығыс Қазақстан облысының барлық тұрғынын бастаманы қолдап, акцияға белсенді қатысуға шақырады.  Дүниежүзілік тазалық күніне қосылыңыз және туған жеріңіздің табиғаты мен тазалығын сақтауға үлес қосыңыз!