«Ауыл аманаты» бағдарламасының Шығыс Қазақстан облысында жүзеге асырылуы

«Ауыл аманаты» бағдарламасының Шығыс Қазақстан облысында жүзеге асырылуы

Шығыс Қазақстан облысында халық табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келеді.
Бағдарлама ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік белсенділігін дамытуға, агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауылдағы өмір сапасын жақсартуға бағытталған.
Бағдарлама аясында облыстың ауылдық округтері мен шағын қалаларында әлеуметтік-экономикалық дамудың жеке жоспарларын әзірлеу үшін скрининг жүргізілді.
Облыста жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеге 187 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде туризм, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, техника мен жабдық сатып алу, өсімдік және құс шаруашылығы сияқты бағыттар қамтылды. Бағдарламаның нәтижесінде 352 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сонымен қатар 63 ауыл шаруашылығы кооперативі несие алып, өз қызметін кеңейтуде.
Бүгінде өңірде 234 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі мал және аралас ауыл шаруашылығына бағытталған. Жалпы жұмыспен қамтылғандар саны – 400-ден астам адам.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың тапсырмасына сәйкес, облыста қосымша 25 жаңа кооператив құрылып, қаржыландыруға ұсынылды.
Келесі жылы республикалық бюджеттен 3 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат аясында 305 жаңа жоба жүзеге асырылып, сонша жаңа жұмыс орны ашылады.
Өңір басшысы атап өткендей, биыл барлық ауыл әкімдері «Әкімдер мектебі» жобасы аясында оқудан өтті:
«Бұл бастама ауылдар мен аудандарда жаңа басқару мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл жұмыс жалғасады», – деді облыс әкімі.
Бағдарламаның жүзеге асырылу барысы облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапановтың қатысуымен, ШҚО-ға жұмыс сапарымен келген «Аманат» партиясының хатшысы Елдар Жұмағазиевпен кездесу барысында талқыланды.