
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі қолданысқа енеді. Бұл кодекс жеке тұлғалардың салық салу жүйесіне, салықтарды төлеу ережелеріне және берешекті өндіріп алу шараларына ауқымды өзгерістер енгізеді.
Бұл туралы ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Қабыш Сайранқан Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.
Ең маңызды жаңалықтардың бірі — жеке табыс салығында прогрессивті салық шкаласының енгізілуі. Жылдық табысы айлық есептік көрсеткіштің 8 500 есесіне (шамамен 33,4 млн теңге) дейінгі жеке тұлғалар 10% мөлшерлемемен салық төлейді, ал одан асқан табыстарға 15% мөлшерлеме қолданылады. Бұл өзгеріс салық әділдігін арттыруға және төмен табысты азаматтарға түсетін салықтық жүктемені азайтуға бағытталған.
Сонымен қатар, салықтық шегерімдер қайта қаралды: стандартты салықтан босатылатын минимум ай сайын 14-тен 30 АЕК-ке дейін ұлғайтылды, бұл айына 140 мың теңгеге дейін жалақы алатын қызметкерлерді жеке табыс салығынан толық босатады. Әлеуметтік осал топтарға, атап айтқанда І және ІІ топтағы мүгедектерге арналған шегерім ай сайын 5 000 АЕК-ке дейін арттырылды.
Салықтық шегерімдерді рәсімдеу жүйесі де жеңілдетілді: енді оқу, емделу немесе ипотека бойынша құжаттар ұсынудың орнына бекітілген стандартты шегерім қолданылады. Зейнетақы және біржолғы төлемдер салықтан босатылады.
Жаңа кодексте салықтық берешекті өндіріп алу мәселесіне ерекше назар аударылған. Берешектің шекті мөлшері – 20 АЕК енгізіледі. Егер берешек осы шектен аспаса, тек өсімпұл есептеліп, хабарлама жіберіледі. Ауып кетсе — шоттар бұғатталады, инкассалық тапсырмалар беріледі, ал 45 АЕК-тен асатын берешек жағдайында мүлік тәркіленеді.
27 000 АЕК-тен астам берешек үш айдан артық өтелмеген жағдайда, сот борышкердің шет елге шығуына тыйым сала алады. Осыған дейін салық органдары борыштың пайда болғаны туралы ескерту мен хабарламалар жіберуге міндетті. Бұдан бөлек, салық төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мүмкіндігі кеңейтіледі. Мысалы, кейбір талаптарға сәйкес (еңбек өтілі, қызметкерлердің болуы, негізгі құралдар) кепілсіз және банк кепілдігінсіз кейінге қалдыруға рұқсат беріледі.
Уақытша қаржылық қиындықтары бар салық төлеушілерге кепілсіз 1 500 АЕК-ке дейінгі бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ, импортерлерге өнім өндіруге арналған шикізат пен материалдарға ҚҚС төлеуді кейінге қалдыру рұқсат етіледі.
Тағы бір маңызды жаңалық – салық әкімшілігін біріктірілген жүйенің іске қосылуы. Ол қолданыстағы жеті ІТ жүйесін ауыстырып, салық әкімшілігін жеңілдетіп, рәсімдерді жеделдетіп, процестерді автоматтандырады және салық төлеушімен мемлекет арасындағы өзара әрекеттің ашықтығын арттырады.
Жаңа кодекс күшіне енгенге дейін азаматтарға қолданыстағы салық міндеттемелерін уақытылы орындау қажеттігі ескертулі. Атап айтқанда, 2025 жылғы 1 қазанға дейін 2024 жылға арналған мүлік салығын төлеу қажет.
2 қазаннан бастап борышкерлерге ескертулер жіберіледі, ал мерзімінен кешіктіргендерге өндіріп алу шаралары қолданылады, оның ішінде істер сот орындаушыларына тапсырылып, шоттар бұғатталып, шығуға шектеу қойылады. Осы тұрғыда салық мәдениетін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді: 2025 жылдан бастап Amian мобильді қосымшасы арқылы кең ауқымды акциялар жүргізіліп, чек тіркеген азаматтарға ақшалай сыйлықтар мен кэшбэк беріледі, сондай-ақ кассалық тәртіп бұзушылықтары туралы хабарлауға мүмкіндік бар.