ШҚО: 70 мыңнан астам жас нашақорлық пен ойынқұмарлыққа қарсы акциялармен қамтылды

ШҚО: 70 мыңнан астам жас нашақорлық пен ойынқұмарлыққа қарсы акциялармен қамтылды

Шығыс Қазақстан облысында «Заң және тәртіп» идеологиялық тұжырымдамасы аясында жастар арасында профилактикалық жұмыстар күшейтілді. 2025 жылдың басынан бері өткізілген іс-шаралар 70 мыңнан астам адамды қамтыды. Бұл туралы Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Бақытжан Ербол ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

ШҚО Жастар ресурстық орталығының директоры Айдос Әділбековтің айтуынша, өңірде нашақорлық пен лудоманияға (ойынқұмарлыққа) қарсы бағытталған кешенді шаралар жүргізілуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен ең қауіпті бес қатердің қатарында дәл осы екі проблема бар.

Жыл басынан бері өңірде 70 іс-шара ұйымдастырылды, соның ішінде:
• Студенттік жатақханаларда есірткі тарату фактілерін анықтауға бағытталған 3 рейд;
• Наркологтар, психологтар және заңгерлердің қатысуымен 52 кездесу;
• 5 спорттық жарыс, ондаған флешмобтар мен челлендждер;
• 3 400-ден астам қатысушыны қамтыған ойындар мен сурет байқаулары.

Бұл жұмысқа үкіметтік емес ұйымдар да белсенді атсалысуда — «Феникс», «ОРТУС CLUB», «Uly Jospar» және тағы басқалар 1 740 адам қатысқан 14 акция өткізді.

Мультимедиялық профилактикаға ерекше көңіл бөлінді:
• Есірткі бизнесінің құрбаны болған жастардың шынайы оқиғаларына негізделген «Закладка» және «Бостандық елесі» қысқаметражды фильмдері түсірілді;
• Тәуелділіктің зияны туралы подкасттар мен анимациялар әзірленді;
• БАҚ пен әлеуметтік желілерде 1 600-ден астам ақпараттық материал жарияланды;
• Өскемен қаласындағы LED экрандарда бейнероликтер көрсетілуде.

Өңірде есірткі қылмысына қарсы заңнамалық шаралар да қабылданды:
• Есірткі өндіруге қатысты қылмыстар үшін 15 жылдан бастап өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру көзделген;
• «Закладшы» атанғандар алғашқы құқық бұзушылықтың өзінде 5 жылдан 8 жылға дейін жаза алуы мүмкін;
• «Есірткіге жол жоқ!» акциясы аясында 100-ден астам есірткі жарнамасы бар граффити жойылды;
• Прокуратурамен бірлесіп 22 профилактикалық кездесу өткізіліп, жастарға қылмыстық жауапкершілік түсіндірілді.

Ойынқұмарлықпен күрес те назардан тыс қалған жоқ. Өңірдегі колледждер мен жоғары оқу орындарында қаржылық сауаттылық пен лудоманияның қаупі туралы дәрістер өткізілді. Оларға экономистер, заңгерлер мен «Қарызсыз қоғам» жобасының менторлары қатысты. Сонымен қатар, букмекерлік кеңселердің жарнамасына шектеу қойылып, бақылау шаралары күшейтілді.

ШҚО – жастар, медицина мамандары мен қоғам белсенділері қатысқан нашақорлықтың алдын алу жөніндегі кеңес құрылған алғашқы өңірлердің бірі. Кеңестің жұмысы мыналарды қамтиды:
• Тәуекел тобындағы жасөспірімдерді ерте анықтау;
• Мамандардың жеке консультациялары;
• Тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефоны;
• 10 000-нан астам оқушы тамашалаған «Құтқар мені!», «Таңдау» сияқты театр қойылымдары.