Шығыс Қазақстанның педагогикалық қауымын біріктірген тамыз конференциясында өткен оқу жылының қорытындылары шығарылып, 2025–2026 оқу жылына арналған білім беру жүйесінің жұмыс бағыттары белгіленді.
Конференция ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бейнепрезентациясымен және республикалық Тамыз конференциясы – 2025 қарарымен таныстырудан басталды.
Өңірлік конференция жұмысына ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, жаңа оқу жылына арналған міндеттерді айқындады.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, барлық балалар тұратын жеріне қарамастан сапалы білім алуға тең мүмкіндіктерге ие болуы тиіс. Осыған бағытталған негізгі жоба – облыс мектептерінде жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» болып табылады. Қалалар мен аудандар әкімдіктерімен бірлесе отырып, Білім басқармасына мектептерде жөндеу жұмыстарын уақытылы әрі сапалы жүргізуді бақылау қажет.
Сонымен қатар түлектерді педагогикалық мамандықтарға тарту мақсатында кәсіби бағдар беру жұмыстарын күшейту, оқушыларды олимпиадалар мен байқауларға дайындауды тиімді ұйымдастыру, тәлімгер-ұстаздарды қолдау қажет», – деді өз сөзінде Нұрымбет Сақтағанов.
Облыс әкімінің айтуынша, басқа да басым бағыттардың қатарында – жаңа оқу жылынан бастап барлық жалпы білім беретін мектептерде бірыңғай «Адал азамат» білім беру бағдарламасын енгізу, тұлғаны «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы қағидаттары негізінде қалыптастыру бар.
Міндеттердің ішінде – балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамтамасыз ету, балалардың жүрген жерлеріне қауіпсіз ортаны қалыптастыру, білімге заманауи технологиялар мен жасанды интеллект негіздерін енгізу, мектептерді заманауи цифрлық ресурстармен жабдықтау, мұғалімдерді сапалы даярлау да бар.
Сондай-ақ, облыс әкімі Жұмысшы мамандықтар жылы аясында әзірленген іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруды, сондай-ақ білікті кадрларды даярлау үшін жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды күшейтуді тапсырды.
«Жұмысшы мамандықтар жылы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытудағы маңызды кезең болды. Жаңа оқу жылында Шығыс Қазақстан облысы колледждерінде еңбек нарығының нақты сұраныстарына бағытталған, авиация, энергетика, көлік және басқа да салаларға қатысты жаңа, қажетті мамандықтар ашылады. Кадрларды тиімді даярлау үшін барлық жағдай жасалып, оқу орындарының материалдық-техникалық базасы жаңартылуда», – деп мәлімдеді Нұрымбет Сақтағанов.
Оның айтуынша, бүгінгі жиын өңір педагогтарына шығармашылық серпін беріп, білім беру саласының әрі қарай дамуына жаңа жетістіктерге бастайды.
ШҚО Білім басқармасының басшысы Қуат Оқасовтың айтуынша, білім сапасын арттырып, рухани-адамгершілігі жоғары тұлға тәрбиелеу тек бірлесе атқарылған еңбектің нәтижесінде мүмкін болады. Болашақта балалардың қандай болып өсетіні және өмірге қаншалықты дайын болатыны – білім саласы қызметкерлерінің ортақ еңбегіне байланысты.
Конференция барысында «Келешек мектептері» жаңа үлгісін енгізу, білім беру мекемелеріне жасанды интеллекттің заманауи технологияларын енгізу, кадрларды даярлаудағы колледждердің рөлі, сондай-ақ өңір кәсіпорындарында сұранысқа ие мамандарды дайындаудағы әлеуметтік әріптестік мәселелері талқыланды.
22 тамызда өтетін пленарлық отырыс аясында инновациялық цифрлық технологиялар көрмесі мен 25 интерактивті пәндік алаң ұйымдастырылмақ. Отырыстың қорытындысы бойынша ұсыныстар қабылданатын болады.