Жаңа оқу жылында ШҚО колледждерінде жаңа мамандықтар ашылады

Жаңа оқу жылында ШҚО колледждерінде жаңа мамандықтар ашылады

Жұмысшы кәсіптер жылы аясында Шығыс Қазақстан облысында іс-шаралар жоспары бекітіліп, соған сәйкес 2025–2026 жаңа оқу жылында жаңа мамандықтар ашылады. Олардың қатарында: ұшқышсыз әуе жүйелері, әуе тасымалдарын ұйымдастыру, логистика, су көлігін пайдалану және басқа да бағыттар бар.

Аталған мамандықтарға 290 мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінді.
Техникалық және кәсіптік білім (ТжКБ) жүйесінде қолжетімділік пен сапаны қамтамасыз ету мақсатында облыста 38 колледж жұмыс істейді. Олар 101 мамандық бойынша кадрлар даярлауда. Қазіргі уақытта колледждерде 19 мыңнан астам студент оқиды, оның ішінде 16 747 студент (83,8%) мемлекеттік тапсырыс есебінен білім алуда.

Өңір колледждері 900-ден астам кәсіпорынмен әріптестік орнатқан. Кәсіпорындардың сұранысы бойынша 2575 студент мемлекеттік тапсырыс аясында мақсатты даярлықтан өтуде.

Бүгінгі күнге дейін олардың 306-сы оқуын тәмамдады, 271-і (88%) тұрақты жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, кадр даярлау 27 колледжде 448 кәсіпорынның қатысуымен дуальді оқыту арқылы жүзеге асырылып, 5 мың студентті қамтып отыр.

Жаңа оқу жылында сегіз колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, заманауи құрал-жабдықтар жеткізілді. Олар: Өскемен құрылыс-техникалық колледжі, Өскемен жоғары политехникалық колледжі, Өскемен көпсалалы технологиялық колледжі, ШҚ көпсалалы колледжі, Технология және сервис колледжі, Глубокое аграрлық колледжі, Самар аграрлық-техникалық колледжі, Үлкен Нарын колледжі.

2025–2026 оқу жылына студенттерді тегін оқытуға арналған мемлекеттік тапсырыс 7130 орынды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға артты. Оның ішінде 980 орын жұмыс берушілердің сұранысы негізінде мақсатты даярлыққа бөлінді. Құжат қабылдау 27 тамызда аяқталады.

Оқушыларға кәсіби бағдар беруді қолдау мақсатында облыста түрлі шаралар өткізілуде.

Атап айтқанда, мектеп оқушылары мамандықтармен облыстық «My PRO» кәсіптер фестивалі, «StartProfi-Shygys» стенд-мобы, «Путеводитель» бағдарламасы бойынша курстар, кәсіпорындарға экскурсиялар, ашық есік күндері және жазғы лагерьлер арқылы танысуға мүмкіндік алды.