ШҚО-да көпбалалы аналар «Алтын Алқа» және «Күміс Алқа» алқаларымен марапатталды

ШҚО-да көпбалалы аналар «Алтын Алқа» және «Күміс Алқа» алқаларымен марапатталды

ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірдің көпбалалы отбасылармен кездесуді  аналарға алғыс айтудан бастады.

Әкімдікте өткен дөңгелек үстелде алты және одан да көп кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған аналар бейресми жағдайда өздерін толғандыратын мәселелерді талқылап, өз ұсыныстарын айтты. Өз кезегінде өңір басшысы аналар баланы ғана емес, күллі елді тәрбиелейтінін тілге тиек етті.

«Сіздер елдің демографиялық өсуіне елеулі үлес қосып қана қоймай, өскелең ұрпақты еңбекқор, білімді және патриот етіп тәрбиелейсіз», - деді облыс әкімі.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан өңірдің әлеуметтік дамуына, ұрпақты тәрбиелеуге және отбасылық құндылықтарды нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс ретінде көп балалы аналар «Алтын Алқа» және «Күміс Алқа» алқаларымен марапатталды.

«Бұл халық пен мемлекет тарапынан әр ананың еңбегін жоғары бағалауының белгісі. Аналық жылулық – берік қоғамның негізі әрі символы, ал өмірлік сабақтарыңыз – ұрпақ игілігі», - деді Нұрымбет Сақтағанов. 

Бүгінде Шығыс Қазақстанда төрт және одан да көп баласы бар 13 мыңға жуық көпбалалы ана тұрады. Олардың ішінде 1442-сі «Алтын Алқа» және 2900-ге жуығы «Күміс Алқа» алқаларымен марапатталды. Олар сондай-ақ біржолғы және ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алуға, салықтардың кейбір түрлерінен босатылуға және 53 жасқа толғаннан кейін зейнетақы төлемдерін алуға құқылы.