Шығыс Қазақстан облысында жылыту маусымына белсенді дайындық жұмыстары жалғасуда. Бүгін өңір әкімі Нұрымбет Сақтағанов кеңес өткізіп, жылу көздерін жөндеу жұмыстарын күшейту және жоспарланған барлық іс-шараларды уақытылы аяқтау қажеттігін атап өтті.
«Автономды қазандықтар мен тұрғын үй қоры 15 тамызға дейін толық дайын болуы тиіс. 1 қазанға дейін көмір жеткізушілермен өзара іс-қимыл тетіктерін пысықтап, қажетті отын көлемінің кестеге сәйкес жеткізілуін қамтамасыз ету және оны теміржол тұйықтарында сату мен тиеу кезінде кезекке тұру жағдайларын болдырмау қажет», – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Әкімнің айтуынша, барлық қала мен аудандарда бұл мәселелерді тұрақты бақылауда ұстайтын арнайы штабтар жұмыс істеуде. Қазіргі таңда білім беру нысандары көмірмен 93%, денсаулық сақтау – 81%, әлеуметтік сала да – 81% қамтамасыз етілген. Өскеменде 1753 тұрғын үйдің 1053-і дайындық паспортын алған. Ерекше назар Риддерге аударылуда: мұнда қазандықтардың дайындығы әзірге 65%, алайда жылу желілерін жөндеу кестеге сай жүргізілуде.
«Барлық жұмыстар 1 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс, себебі Риддер – облыстың ең суық аудандарының бірі және мұнда жылыту маусымы ертерек басталуы мүмкін», – деп атап өтті өңір басшысы.
Өңірдің көмірге деген қажеттілігі 452,5 мың тоннаны құрайды, қазіргі уақытта оның 40%-ы жеткізілген. Зайсан ауданының әлеуметтік нысандарын отынмен қамтамасыз ету үшін облыс әкімі 15 тамыздан бастап Кендірлік кен орнында көмір өндіруді бастауды тапсырды.
Коммуналдық кәсіпорындардың берешегі мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мәселені шешу жұмыстары жүргізілуде, қарыз бюджет түзетілгеннен кейін өтеледі. Өңірде барлық берешектерді тексеретін жұмыс тобы құрылады, ал олар өтелмеген жағдайда материалдар сотқа жіберіледі. Әкім энергетика және ТҮКШ басқармасының өзге ведомстволармен өзара іс-қимылын жолға қою қажеттігін атап өтті, бұл мәліметтердегі алшақтықты жоюға мүмкіндік береді.
Өскеменде бүгінгі таңда әлеуметтік көмірге 809 өтінім түскен. Осыған байланысты халықпен түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды. Сондай-ақ, өңір басшысы денсаулық сақтау нысандарының көмір қорын тексеріп, алдағы жылыту маусымында олардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді міндеттеді.
ШҚО ӘКІМДІГІ