Саясат Нұрбек ШҚО тұрғындарымен кездесті: жоғары білімнің болашағы туралы ашық диалог өтті

Саясат Нұрбек ШҚО тұрғындарымен кездесті: жоғары білімнің болашағы туралы ашық диалог өтті

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келіп, Amanzholov University-де өңір тұрғындарымен ашық кездесу өткізді.

Бұл іс-шара мемлекет тарапынан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» принциптеріне адалдықты көрсетеді және өңірлік қажеттіліктер мен бастамаларды ескеруге бағытталған. Стратегиялық маңызы бар өңірлерде, соның ішінде Шығыс Қазақстан облысында жоғары оқу орындарының рөлін нығайту — жергілікті даму нүктелерін қолдау, өнеркәсіптік және ғылыми әлеуетті арттыру, сондай-ақ ұзақ мерзімді ғылыми-техникалық саясат аясында заманауи білім кластерлерін қалыптастыруға деген ұмтылысты білдіреді.

Кездесуге профессорлық-оқытушылар құрамы, студент жастар, азаматтық қоғам және ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты. Жоғары білімнің шалғай өңірлерде қолжетімділігі, жас ғалымдарды қолдау, білім беруді цифрландыру, сондай-ақ ғылым мен өндірісті интеграциялау мәселелері басты тақырыптар болды.

Министр Саясат Нұрбек сапалы білім мен дамыған өңірлік ғылым елдің тұрақты дамуының негізі екенін ерекше атап өтті.

«Инновациялар тек елдің астанасынан емес, нақты өңірдің өзекті мәселелерін шешумен айналысатын университеттерде басталады», — деді министр.

- 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін екі еселеу үшін ғылым мен инновацияларға баса назар аудару қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар басталып, күшейтілген түрде жалғасуда. Барлық мәселелерді ашық талқылап, нақты мақсат қойып, оны қоғаммен бірге жүзеге асыру – бізге жүктелген үлкен жауапкершілік», — деді министр.

Кездесу барысында Саясат Нұрбек еңбек нарығына қажетті мамандарды сапалы дайындау мәселесін де атап өтті.

-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ең алдымен су шаруашылығы, құрылыс, энергетика және басқа да салалардағы мамандар тапшылығын шешу қажеттігін айтты. Сонымен қатар, болашақ мамандықтарға мамандар дайындау да маңызды», — деді Саясат Нұрбек.

Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес мамандарды дайындау мақсатында қажеттіліктерді анықтау, болжау және жоспарлау жүйесі енгізілуде.

Сонымен қатар, академиялық артықшылық үлгісіндегі негізгі құзырет орталықтарын құру, үздік халықаралық тәжірибелер мен технологияларға негізделген білім беру бағдарламаларын үйлестіру жұмыстары жүргізілуде.

«Мамандығым – болашағым» жобасы аясында өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, кадрлерді даярлаудың басым бағыттары мен инновацияларды дамыту бағыттары айқындалады. Бұл жоба еңбек нарығындағы өзгерістерді бақылауға және жедел жауап беруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ министр қазіргі кездегі мұғалімдер тапшылығы жағдайында аса өзекті болып отырған педагог кадрлерін даярлаудың жаңа бағдарламасына ерекше тоқталды.

— 2030 жылға дейін Қазақстанға 236 мыңнан астам педагог қажет болады. Осыған байланысты еліміздің жоғары оқу орындарында 30 инновациялық білім беру бағдарламасы енгізілуде. Қазіргі таңда бұл бағдарламаларда 49 университеттің оқытушылары білім алуда. Бағдарламалардың басты ерекшелігі — зерттеу жүргізу дағдылары мен цифрлық құзыреттілікті дамыту. Осы тұрғыда біз жоғары оқу орындарын барынша қолдауға басымдық беріп отырмыз. Мәселен, Amanzholov University педагог кадрлеріне деген сұранысты өтеуде үлкен рөл атқарып келеді. 2023 жылы Шығыс Қазақстан облысында педагог мамандарына деген қажеттілік 230 адамды құрады. Сол жылы аталған университет 689 дайын маман дайындап, тек өңірдің емес, басқа да облыстардың сұранысын толық жапты. Сонымен қатар, университет «Білім» бағыты бойынша 32 білім беру бағдарламасы аясында үздіксіз кадр даярлауды жалғастыруда, — деді министр.

Министр өз сөзінде халықаралық ынтымақтастық пен отандық жоғары оқу орындарының әлемдік білім беру кеңістігіне шығу мәселесін де көтерді. Бұл бағытта Amanzholov University мен Генуя университетінің бірлескен жұмысы мысал ретінде аталды. Еске салсақ, аталған жоғары оқу орындары өзара меморандумға қол қойған болатын. Құжат шеңберінде шетелдік университеттің филиалын ашу, бірлескен тағылымдамалар, ғылыми іс-шаралар мен конференциялар өткізу жоспарланған.

Сонымен қатар, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде бірнеше білім беру бағдарламасы бойынша қос дипломды магистратура бағдарламалары жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Спорттық менеджмент», «Халықаралық экономика» (Кассино және Оңтүстік Лацио университетімен), сондай-ақ «Тұрақты туризм және дестинацияларды басқару» (Генуя университетімен) бағыттары қамтылған.

Кездесу барысында министр алдағы жылдарға арналған жоспарларымен бөлісті. Атап айтқанда, 2025 жылға дейін жаңартылған зертханалық құрал-жабдықтар үлесін 20% дейін арттыру, ал 2029 жылға қарай 40% жеткізу жоспарлануда. Қазіргі уақытта зертханалық жабдықтарды бірлесіп пайдалану үшін e-lab бірыңғай порталы құрылуда.

Сонымен қатар, білім беру процесінің цифрландыруы назардан тыс қалмады. AISana бағдарламасы іске қосылды және ол 100 000 студент пен оқытушыны қамтиды. Бұл бағдарлама Stanford, Imperial College London сияқты әлемдік жетекші университеттермен серіктестік аясында жасанды интеллект пен жаңа технологияларды дамытуға бағытталған.

Іс-шара соңында министр азаматтарды жеке қабылдап, нақты мәселелер бойынша сұрақтарға жауап берді. Қабылдау кезінде білім гранттары, шәкіртақылар, жатақхана жағдайы және басқа да әлеуметтік мәселелер көтерілді.