1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында елімізде дәстүрлі республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтуде. Акцияның мақсаты – аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды жаңа оқу жылына дайындауға қолдау көрсету және оларды біліммен толық қамту.
Акция аясында мектеп формасы, аяқ киім және кеңсе тауарларын сатып алуға көмек көрсетіледі. Биыл облыс бойынша 98 мыңнан астам оқушы мектепке барады, оның ішінде 20 мыңнан астамы «Всеобуч» бағдарламасы бойынша қолдауға ие болады. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 7,2 млрд теңге бөлінді, соның ішінде 948,5 млн теңге – мектеп формасы мен аяқ киімге арналған. Бұл туралы ШҚО білім басқармасы басшысының м.а. Жанғазы Әліпбаев мәлімдеді.
2024 жылы меценаттардың көмегімен 3 100-ден астам балаға 37,9 млн теңгеден астам сомаға көмек көрсетілді. Биыл 600-ден астам демеушіні тартып, 4 000-нан астам балаға қолдау көрсету жоспарлануда.
Сонымен қатар, 30 қыркүйекке дейін мектепке себепсіз бармай жүрген балаларды анықтау мақсатында рейдтер жүргізілуде. Акцияға қатысуға қатысты сұрақтар бойынша білім басқармасының сенім телефонына хабарласуға болады: 70-18-28.
Сондай-ақ, «Dauletten» қайырымдылық қоры шалғай ауылдардағы бастауыш сынып оқушыларына қолдау көрсететін «Ауылдағы ағайынның балаларына» жобасы арқылы акцияға жыл сайын қатысуда.
Балаларға көмек көрсету жұмысы жалғасуда.