2025 жылы Шығыс Қазақстан облысында 380 мың м² тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Бұл өткен жылдың деңгейінің 94,7%-ын құрайды. Оның ішінде 67%-ы – көпқабатты үйлер, 33%-ы – жеке тұрғын үй құрылысы.
Жылдың бірінші жартыжылдығында 146 мың м² тұрғын үй пайдалануға берілді. Екінші жартыжылдықта тағы 234 мың м²-ді тапсыру жоспарлануда. Қазіргі уақытта жалпы көлемі 863 мың м² болатын тұрғын үй құрылысы белсенді жүргізілуде. Оның бір бөлігі бюджет есебінен, ал көп бөлігі жеке инвестициялар арқылы жүзеге асырылуда.
Әлеуметтік жағынан осал санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. 2025 жылы жалпы ауданы 40 мың м² болатын 539 пәтер сатып алу жоспарланған. Оның 189-ы – көпқабатты үйлерден, ал 350-і – «Бір қабатты Шығыс» жобасы аясында салынады.
Сонымен қатар, 11 несиелік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін оның 9-ын аяқтау көзделген.
Ағымдағы жылдың жеті айында 7 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында мектеп, амбулаториялар, емхана және Согра ауылындағы спорттық база бар.
Қазіргі уақытта 21 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде: гематология орталығы, Риддер қаласындағы көпсалалы аурухана, бірнеше амбулатория, спорт және мәдениет нысандары, инженерлік инфрақұрылым жобалары бар.
Жыл соңына дейін 12 нысанды аяқтау жоспарланып отыр. Оның ішінде ірі медициналық және спорттық кешендер де бар.