Ұлан ауданына барған жұмыс сапары барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Асубұлақ кентіндегі аудандық аурухана ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты, сондай-ақ Асу-Бұлақ орман шаруашылығына барды.
1970 жылы салынған ауруханада қазіргі таңда күрделі жөндеу жүргізілуде. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін амбулатория бір ауысымда 35 адамды қабылдауға есептелген, оған 1722 жергілікті тұрғын тіркелген, олардың 538-і есепте тұр.
«Әлеуметтік маңызы бар нысан болғандықтан, жұмыстың сапасын және белгіленген мерзімін сақтай отырып, оны уақытылы пайдалануға беру қажет», – деді Нұрымбет Сақтағанов Асубұлақ ауылындағы ауруханаға барған кезінде.
«Асу-Бұлақ орман шаруашылығы» КММ-де облыс әкімі мекеменің қызметімен танысып, орманшылықтағы техниканы қарап шықты. ШҚО әкімі өңірдегі орман шаруашылықтарына орманды қалпына келтіру жұмыстарымен белсенді айналысуды тапсырды.