ШҚО әкімі: Орталықтандырылған су тарту жұмыстары уақытында аяқталуы тиіс, бірақ бұл жұмыс сапасы мен қызметкерлер қауіпсіздігіне зиян келтірмеуі керек

ШҚО әкімі: Орталықтандырылған су тарту жұмыстары уақытында аяқталуы тиіс, бірақ бұл жұмыс сапасы мен қызметкерлер қауіпсіздігіне зиян келтірмеуі керек

Ұлан ауданына жұмыс сапары аясында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Асубұлақ кентіндегі су құбыры желілері мен құрылыстарының қайта жаңғыртылу барысымен танысты.

Жоба аясында 524 аула, 1794 тұрғын және 12 әлеуметтік нысанды сапалы ауызсумен қамтамасыз ететін су құбыры желілері салынады. Су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы – 45,986 шақырым. Жоба құрамына сыйымдылығы 200 текше метр болатын екі таза су резервуары, екі сорғы станциясы және сыртқы электрмен жабдықтау желілері кіреді. Құрал-жабдықтар Германиядан сатып алынған. Жабдықтың істен шығу жағдайына дизельді генератор қарастырылған. Аумағы жарықтандырылып, қоршалады және бейнебақылау жүйесі орнатылады.

Құрылыстың бас мердігері – «КИТ-Холдинг» ЖШС, авторлық қадағалауды– «Казгражданстройпроект» ЖШС, техникалық қадағалауды – «Спецстройтехмонтаж-ПВ» ЖШС жүзеге асыруда.

"Барлық жұмыстар суық түспей тұрып аяқталуы тиіс, сонда тұрғындар орталықтандырылған ауызсуға қол жеткізеді. Ең бастысы – сапа. Мерзімді қуып, қауіпке баруға болмайды. Біз үшін ең алдымен жұмысшылардың қауіпсіздігі, денсаулығы мен өмірі маңызды. Бүгін Бозанбайда жұмыс орнында қайғылы оқиға болды. Сондықтан адамдардың – жұмысшылар мен елді мекен тұрғындарының қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды сұраймын. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды, бірақ сонымен қатар нысанды дер кезінде пайдалануға беру қажет. Қаржыландыру қамтамасыз етілген, тек барлық жұмысты, оның ішінде құрылыс жұмыстарын дұрыс ұйымдастыру керек",


– деп атап өтті облыс әкімі.

Сонымен қатар, ол техникалық қадағалаушы ұйым барлық мәселелерді қатаң бақылауда ұстауы қажет екенін еске салды.
Қазіргі уақытта траншея қазу, құбыр төсеу, құдықтар орнату, таза су резервуарлары мен сорғы станциясының алаңдарын дайындау, су тартуға арналған ұңғымалар бұрғылау және т.б. жұмыстар атқарылуда. Құрылыс алаңында экскаваторлар, тиегіштер, самосвалдар, «КАМАЗ» автокөліктері және басқа да арнайы техника жұмыс істеуде.

Жалпы, облыс әкімі құрылыс жұмыстарының барысына оң бағасын беріп, жалғызбасты зейнеткерлерге және әлеуметтік осал, аз қамтылған ауыл тұрғындарына су тартуға көмек көрсету қажеттігін еске салды.