«Ең бастысы – мерзім емес, сапа»: ШҚО әкімі «Өскемен – Риддер» жолының қайта жаңғыртылуы туралы

«Ең бастысы – мерзім емес, сапа»: ШҚО әкімі «Өскемен – Риддер» жолының қайта жаңғыртылуы туралы

Шығыс Қазақстан облысында «Өскемен – Риддер» автожолын қайта жаңғыртудың ауқымды жұмыстары жалғасуда.

Жалпы ұзындығы 105 шақырымды құрайтын бұл жол 11 елді мекенді байланыстырып, тұрғындар мен туристер үшін стратегиялық маңызға ие болуда.

Өткен жылы жолдың Өскемен мен Секисовка арасындағы алғашқы 30 шақырымдық  бөлігі толық жөнделіп, асфальтбетон жабындысының 11 см қалыңдықтағы екі қатары төселді.

Қазір Секисовкадан Риддерге дейінгі қалған 75 шақырымдық  тас жолында жұмыс қарқынды жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстарды екі мердігерлік ұйым атқаруда, олар: «Kurylys Group RK» ЖШС (30–70 км учаскесі) және «Востоквзрывром» ЖШС (70–105 км учаскесі). Жобаға 160-тан астам маман мен 60-тан аса техника жұмылдырылған.

Бүгінде 49 шақырымда жолдың негізі ресайклинг әдісімен жаңартылып, 42 шақырымда астыңғы асфальт қабаты, 8 шақырымда үстіңгі қабат төселген. Жол негізінің сапасына ерекше көңіл бөлінуде: ескі жабын алынып, шөгу мен жарықтарды болдырмай алдын алу үшін барлық талаптар сақталуда.

Таулы аймақта жолдың тұрақты жұмыс істеуі үшін су өткізгіш құрылымдарды жөндеу жұмыстары да басты назарда.

Барлық жұмыстар техникалық қадағалау қызметтері болып табылатын – «Восток Инжиниринг» ЖШС және «D&J Emporio» ЖШС тарапынан бақылануда. Сонымен қатар, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ ШҚОФ және Ұлттық жол активтері сапасы орталығы да қосымша мониторинг жүргізуде. Бұл технологиялардың бұзылуын болдырмай, барлық жөндеу кезеңдерінің нормативке сай болуын қамтамасыз етеді. Айта кетейік, жол жабынына үш жылдық кепілдік беріледі – осы мерзімде мердігерлер туындаған ақауларды өз есебінен жөндеуге міндетті.

ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов жобаны іске асыруда сапа – басты басымдық екенін атап өтті:

"Бұл жай ғана жол емес – бүкіл өңірдің тіршілігі жүретін күретамыр. Біз үшін бірнеше жылдан кейін бұл жолда толқынды иректер мен шұңқыр болмаса болғаны. Мерзім емес,  сапа маңызды. Оның үстіне, бұл – ең танымал туристік бағыттардың бірі. Сондықтан Риддер мен Глубокое аудандарының әкімдеріне жол бойындағы сервистік нысандарды ашу үшін бизнес тарту жұмыстарын қазірден бастау керек», – деді аймақ басшысы.

Айта кету керек, өңір үшін маңызды бұл көлік артериясының қайта жаңғырту жұмыстары биылғы жылдың қазан айында толық аяқталады деп жоспарлануда.