ШҚО әкімі Өскемен жағажайларында қауіпсіздік пен абаттандыру шараларын күшейтуді тапсырды

ШҚО әкімі Өскемен жағажайларында қауіпсіздік пен абаттандыру шараларын күшейтуді тапсырды

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскемен қаласындағы жағағайлар мен саябақтарды арнайы аралады. Халықтың жайлы демалысы үшін қандай жағдай жасалғанын тексеру мақсатында ел аузында «котлован» аталып кеткен КНМ су қоймасының маңындағы аумаққа және «Самал» саябағына барды. ⠀

Бүгінде КНМ демалушылардың сүйікті орнына айналды. Биыл бұл жерде абаттандыру жұмыстары басталды. Дәретханалар, киім ауыстыратын кабиналар, баспалдақ орнатылып, жағажай қоршалды. Төтенше жағдайлар қызметкерлері тарапынан кезекшілік ұйымдастырылды. Қала әкімдігі кіреберіс жолға асфальт төсеп, автотұрақ орнатты. ⠀

«50 жылдан бері тұрғындар бұл жерде суға түседі, сондықтан тиім сала бермей, жағажайды заңдастырып, адамдардың қауіпсіздігі үшін жағдай жасау керек. Мұнда тек жағажай ғана емес, жайлы және қауіпсіз демалыс аймағы болуы тиіс»,

- деп атап өтті Нұрымбет Сақтағанов. ⠀ Қазір су қоймасын ресми жағажайлар тізіміне қосу мәселесі қарастырылып жатыр. Нұрымбет Сақтағанов бұл мәселені жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ қауіпсіздікті, қосымша абаттандыру, электр бағанасын басқа жерге ауыстыру, құтқарушылар мен күзетті қамтамасыз ету, тамақтану және сауда мәселесі шешу ұсынылды. ⠀

Аймақ басшысы «Самал» саябағын да аралап көрді. Мұнда демалыс күндері 20 мың жуық адам келеді. Бүгінде нысан күрделі жөндеуді қажет етеді. Саябақта бар-жоғы 6 қызметкер бар, ал инфрақұрылымды ұстауға және қалпына келтіруге 300 млн теңгеден астам қаражат қажет. Жамбыл атындағы саябақта да осындай жағдай орын алған. ⠀

«Саябақтағы кемшіліктерді ретке келтіру керек. Бұдан бөлек, жағажайдағы ағыстың қарқынын тежеу мақсатында бетонды бөгет орнату жолдарын қарастыру қажет. Өйткені ағын қатты, адамдар үшін қауіпті. Сол жағындағы каналды тереңдетіп, сол жерде балаларды жүзуге үйрететін орын жасату керек», - деп атап өтті облыс әкімі.

⠀ Облыс басшысы тұрғындардың қауіпсіз демалуына жағдай жасау үшін қала әкімдігі мен бейінді басқармаларға қаржыландыруды қамтамасыз ету, саябақтар мен жағажайларды абаттандыруды тапсырды.