Семейдегі сәтті көрсетілімнен кейін Шығыс Қазақстан облысының «Ассамблея жастары» жастар театры гастрольдік сапарын елордада жалғастырды. Астанада шығармашылық ұжым «Qytqar meni» қойылымын сахналап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді және жоғары бағасын алды.
Театрдың бұл қойылымы Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясы аясында өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде шығармашыл жастарды қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
«Жастар – еліміздің болашағы. Ассамблея аясында жұмыс істейтін шығармашылық ұжымдар мен жастар театрларына қолдау көрсету аса маңызды. Олар – достық пен келісімнің жаршылары», – деді Президент.
«Qytqar meni» қойылымын Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов арнайы тамашалады. Ол жас актерлердің өнерін жоғары бағалап, қойылымның идеялық маңыздылығына тоқталды.
«Бұл қойылым – қазіргі жастардың бірлік пен келісім құндылықтарын терең түсініп, оларды өнер арқылы жеткізе алатынының дәлелі. Сахнадағы әрбір бейне – қоғамдағы бейбітшілік пен келісімнің айнасы. Театр – жай ғана өнер емес, бұл – тәрбиенің және рухани дамудың негізі», – деп атап өтті ол.
«Qytqar meni» қойылымы маңызды әлеуметтік және адамгершілік тақырыптарды қозғайды, адамның ішкі жан-дүниесін, қолдауға, махаббат пен үйлесімге деген ұмтылысын бейнелейді. Жас актерлердің шынайы ойыны, эмоционалдылығы мен қойылымның өзектілігі астаналық көрерменнің зор ықыласына ие болды.
«Ассамблея жастары» театрының гастрольдік сапары – ұрпақтар сабақтастығының, өзара түсіністіктің және шығармашылық үнқатыстың жарқын үлгісі. Өнер тағы да бір рет бірлік пен келісімнің әмбебап тілі екенін дәлелдеді.