ШҚО әкімі егін алқаптарында зиянкестерге қарсы барлық мониторинг және тексерулерді жүргізуді тапсырды

ШҚО әкімі егін алқаптарында зиянкестерге қарсы барлық мониторинг және тексерулерді жүргізуді тапсырды

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде өткен жиында өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің фитосанитарлық қауіпсіздігі мәселесі қаралды.
«Шығыс Қазақстан облысының аумағында жаппай таралатын (азиялық шегіртке, италиялық прус) және жеке таралатын шегірткелер түрлері кездеседі. Жаппай таралатын шегірткелерге қарсы қорғау шараларын ұйымдастыру ауыл шаруашылығы Министрлігі тарапынан республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Ал жеке таралатын шегірткелерге қарсы күрес облыстық жергілікті атқарушы органдармен жергілікті бюджет есебінен іске асырылады», – деді ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Қажыбекова.
Биыл азиялық шегірткеге, жеке таралатын шегірткелерге қарсы тексерулер мен өңдеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ шегіртке жұлдызқұрттары – көптікенді күйе (луговой мотылёк) таралуына қатысты тексерулер жоспарланған. Италиялық прустың дернәсілдеріне байланысты мониторингтік зерттеулер де жүргізілді.
Дәнді дақылдар ауруларына қатысты ҚР АШМ АӨК-тің «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ мәліметі бойынша, 2025 жылы аурулардың таралуына мониторингтік зерттеулер 165 мың гектар аумақта жүргізілуі тиіс. Қазіргі уақытта 88,9 мың гектар алқап тексеріліп, 16,6 мың гектар аумақ залалданғаны анықталды. Оның 1,5 мың гектарына (Глубокое және Катонқарағай аудандары) өңдеу жұмыстары жүргізілді.
Өсімдіктерді қорғау құралдарын қолданудың нәтижесінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жалпы өңір бойынша шамамен 200 мың гектар алқапты өңдеді.
2025 жылы аумақтық инспекция өсімдіктерді қорғау заңнамасын сақтау бойынша 1429 шаруашылық субъектісіне профилактикалық бақылау шараларын жүргізді. Нәтижесінде 116 ұсыныс беріліп, олардың барлығы белгіленген мерзімде орындалды.
«Барлық жоспарланған мониторинг пен тексерулерді толық көлемде жүргізіп, сондай-ақ көршілес мемлекеттермен бірлескен карантиндік жұмысты күшейту қажет», – деп тапсырды облыс әкімі.