ШҚО ӘКІМІ БЮДЖЕТТІК ҚАРАЖАТТЫ ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН ТОЛЫҚ ИГЕРУДІ ТАПСЫРДЫ

ШҚО ӘКІМІ БЮДЖЕТТІК ҚАРАЖАТТЫ ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН ТОЛЫҚ ИГЕРУДІ ТАПСЫРДЫ

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде өткен отырыста ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығындағы бюджеттік қаражатты игеру мәселесі қаралды.
Облыстық қаржы басқармасының басшысы Светлана Большакованың айтуынша, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша облыс бюджеті республикалық бюджеттен келіп түспеген трансферттерді есепке алмағанда 99,3%-ға орындалды.
Игерілмеген қаражаттың негізгі себептері – республикалық бюджеттен трансферттердің уақытылы түспеуі және қаржыландырудың ай сайынғы жоспарындағы өзгерістер.
Қаражаттың толық игерілмеуіне байланысты бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарда жұмыс уақытша тоқтатылған, мысалы, Өскемен қаласындағы Онкология және хирургия орталығы бөлімшесін жаңғырту, Белоусовка кентінде Мәдениет үйін салу, Жанатілеу мен Шорға ауылдарында су жабдықтау және кәріз жүйесін қайта жаңарту жұмыстары т.б. жұмыстар тоқталған.
Осыған байланысты облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жылдың соңына дейін бюджет қаражатын толық игеруді тапсырды. Әсіресе, бұл мәселе бойынша Өскемен қаласы, Глубокое және Катонқарағай аудандарының әкімдіктеріне ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті.