Қытайлық экологиялық компаниялар ШҚО-мен ынтымақтастыққа қызығушылық танытты

Қытайлық экологиялық компаниялар ШҚО-мен ынтымақтастыққа қызығушылық танытты

Шығыс Қазақстан облысында экологиялық жағдайды жақсарту және «жасыл» технологияларды енгізу бойынша белсенді жұмыс жалғасуда. Өңірде өнеркәсіптік және қайта өңдеу кәсіпорындарының көп болуына байланысты экология мәселесі айрықша өзекті. Бұл проблемаларды шешу жүйелі тәсілді, заманауи технологиялар мен сенімді әріптестерді талап етеді.
«Форпост» компаниялар тобы шетелдік инвесторлар мен мамандардың қолдауымен Өскемен қаласында экологиялық жобаларға маманданған Қытайдың үш ірі компаниясының өкілдерімен кездесу ұйымдастыруды ұсынды.
Бүгін Өскеменде өткен жұмыс кездесуіне келесі компаниялар қатысты:
Beijing SYS Science and Technology – су тазарту, экологиялық мониторинг жүйелері және экологиялық жүйелерді интеграциялау саласында бағдарламалық қамтамасыз ету мен IT-шешімдерді әзірлейтін жоғары технологиялы компания.
Anhui Shun Yu Water – ағынды суларды тазарту, су дайындау және энергия үнемдейтін экологиялық технологияларды енгізу бойынша жобаларды іске асыратын компания.
Shanghai Environmental Protection (Group) – қалдықтарды басқару, су тазарту, қоқысты кәдеге жарату және «жасыл» энергетика саласындағы ірі холдинг.
Компаниялар Шығыс Қазақстанда экологиялық жобаларды жобалаудан бастап инвестициялау мен шешімдерді іске қосуға дейінгі барлық кезеңдерге қатысуға дайын екендіктерін білдірді. Мәселе су тазартудың заманауи жүйелерін, энергия үнемдейтін технологияларды және тұрақты инфрақұрылымдық шешімдерді енгізу туралы болды.
 "Халықаралық әріптестікті дамыту өңірдің экологиялық жүктемесін азайтып, халықтың өмір сапасын жақсартуға, сондай-ақ облыстың инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал ететін маңызды қадам болады", – деп атап өтті кездесу соңында ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.