Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер мен Өскеменде су бұру жүйелерін ауқымды жаңғырту жоспарлануда. Бұл туралы облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) өкілдерінің қатысуымен өткен жұмыс кездесуінде айтылды.
Риддер қаласындағы тазарту құрылыстары осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынған және қазіргі кезде олардың жағдайы қанағаттанарлықсыз болып отыр. Осы нысандарды жаңарту үшін 2025 жылы техникалық-экономикалық негіздеме дайындалды. Жоба нысандарды толық қайта құруды және жабдықтарды жаңартуды көздейді. Қаржыландыру көздерінің бірі ретінде ЕҚДБ-ның несиесін тарту мүмкіндігі қарастырылуда.
Өскемен қаласындағы тазарту құрылыстарын да жаңғырту қажет – мұнда 1970-жылдардан бері қолданылып келе жатқан технологиялар ескірген. Қала халқының өсуіне және су бұру жүйесіне түсетін жүктеменің артуына байланысты нысандардың қуатын арттыру және ағынды суларды қосымша тазартудың заманауи әдістерін енгізу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Нұрымбет Сақтағанов атап өткендей, бұл жобалар өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін аса маңызды. ЕҚДБ өкілдері ынтымақтастыққа дайын екенін растап, облыстың инфрақұрылымдық бастамаларына қатысуға мүдделі екендіктеріг білдірді.
Жобаларды іске асыру ағынды суларды тазарту тиімділігін айтарлықтай арттыруға, экологиялық жүктемені азайтуға және өңір қалаларының орнықты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.