ШҚО әкімі: «Ашық диалог – тиімді шешімдердің негізі»

ШҚО әкімі: «Ашық диалог – тиімді шешімдердің негізі»

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскемен қаласы, Тарбағатай және Глубокое аудандары мен Шымкент қаласынан келген азаматтардың мәселелері мен ұсыныстары бойынша жеке қабылдау өткізді.
Атап айтқанда, Шымкент қаласынан келген кәсіпкер Тарбағатай ауданында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасын ұсынды. Облыс әкімі кәсіпкерге толық құжаттар топтамасын дайындауды тапсырды.
Облыс орталығының тұрғыны сол жағалауды абаттандыру мәселесін көтерсе, Өскемендік кәсіпкер «Самал» отбасылық демалыс саябағында кәсіпкерлік мақсаттағы алаңды жалға алу барысында орын алған ұзаққа созылған әуреге салған кедергілерге шағымданды. Облыс әкімі Өскемен қаласының әкіміне аталған жағдайларға нақты баға беріп, кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тартуды, абаттандыру, келісімшарттар мәселелерін реттеуді және жалға беру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Сонымен қатар, «Самал» және Жамбыл атындағы саябақтарды дамыту бойынша сәулеттік тұжырымдама әзірлеуді жүктеді.
Белокаменка ауылының тұрғыны ауылдық инфрақұрылымның жай-күйі мен жерді заңсыз пайдалану мәселесін көтерді. Облыс әкімі бұл мәселелер бойынша тиісті бақылаушы органдарға материалдар жолдауды тапсырды.
Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Анатолий Лаптев облыс әкіміне Олжас Сүлейменовпен бірлесіп дайындалған «Алтай жолы» деректі фильмінің жобасын ұсынып, «Достық өзені – Ертіс» фильмі туралы идеясымен бөлісті.
«Бұл фильмдер өңіріміз туралы болғандықтан мәдениет, ішкі саясат және туризм басқармалары оларды қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруы қажет. Мұндай мәдени туындылар туризмнің дамуына да, облыстың оң имиджіне де зор үлес қосуы мүмкін», – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Азаматтардың барлық өтініштері қаралып, бақылауға алынды. Облыс әкімі атап өткендей, әрбір мәселенің шешімі уақытты қажет етеді, ең бастысы – бастама мен ашық диалог.