ШҚО-да аквакультура мен балық шаруашылығы дамуда: өндіріс көлемі артып, қолдау шаралары кеңейтілуде

ШҚО-да аквакультура мен балық шаруашылығы дамуда: өндіріс көлемі артып, қолдау шаралары кеңейтілуде

Шығыс Қазақстан облысында Үкімет қаулысымен бекітілген 2021–2030 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында жүйелі жұмыс жалғасуда. Негізгі басымдық тауарлық балық өсіру (аквакультура) мен балық ресурстарын ұтымды пайдалануға берілген. Бұл туралы ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Мерхат Амиров Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді.

2030 жылға қарай өңірде жылына 9 774 тонна тауарлық балық өндіру көзделіп отыр. Оның ішінде 8 578 тоннасы — албырт тұқымдас, 1 151 тоннасы — тұқы тәрізді, ал 45 тоннасы — бекіре тұқымдас балықтарға тиесілі.

2024 жылы облыс кәсіпорындары 1 866 тонна тауарлық балық өсірді. 2025 жылға жоспар – 2 302 тонна. Саланың негізін «ШыгысУниверсал» ЖШС, «ГрандФиш», «Алтайская Форель» және «OstFish» компаниялары құрайды. Өндіріс қазіргі заман талабына сай жүргізіледі: шетелдік және отандық уылдырықтар пайдаланылады, инкубациялық қуаттар мен аналық табын дамытылуда.

2030 жылға қарай салаға шамамен 15 мың тонна жем мен 16 млн дана балық шабағы қажет болады. Қазіргі таңда облыста шабақ пен дернәсіл өндіру жолға қойылған: 2024 жылдың өзінде 75 млн дана сиг тұқымдас балықтың дернәсілі, 600 мың форель шабағы және 6,8 млн дана тұқы тәрізді балық шабағы өндірілді.

Субсидиялау жүйесі де дамып келеді. 2024 жылы аквакәсіпорындарға жем мен отырғызу материалына 449 млн теңге көлемінде қолдау көрсетілді. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында аквакультура (балық шаруашылығы) өнімділігі мен сапасын арттыру, сондай-ақ селекциялық балық өсіруді дамыту мақсатында 130 млн теңге бөлінді.

Өңірде кәсіпшілік балық аулаумен 16 кәсіпорын айналысады, олардың негізгі бөлігі Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасында жұмыс істейді. Мұнда жалпы көлемнің 98%-ы ауланады. 2025 жылға кәсіпшілік аулау лимиті 6,7 мың тоннаны құрады.

Су айдындарын балықтандыруға да айрықша көңіл бөлінуде. Соңғы бес жылда балықтандыру көлемі 2,5 есеге артып, 18,3 млн данадан 44,6 млн данаға жетті. Тек 2024 жылы су айдындарына 44 млн-нан астам шабақ жіберілді.

Балық өңдеумен өңірде 11 кәсіпорын айналысады, оның ішінде «Торе Тогам» және «Zaisan-Balyq» ЖШС Еуропалық Одаққа экспорт жасау құқығына ие. 2024 жылы 5,5 мың тонна балық өнімі өндірілді. Өңірдің өңдеу қуаттылығы жылына 28,8 мың тоннаға дейін жетеді.

Осылайша, Шығыс Қазақстан облысында балық өсіру, өңдеу және көбейту бойынша бизнес пен мемлекет бірлесіп жұмыс істейтін тұрақты кластер қалыптасуда.