2025 жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы мен қалалық бастамалар аясында аулаларды абаттандыруға, балалар және спорт алаңдарын орнатуға 1 138,5 млн теңге бөлінді. Жалпы тізімге 40 учаске енді, оның ішінде 16 аула кешенді абаттандырылып, 16 балалар және 9 спорттық алаң салынды. Бұл туралы Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Абзал Мәулетханов Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында баяндады.
Бүгінде 37 нысанда жұмыс жүргізілуде: 17 шағын сәулет формасы орнатылып, бетон негіздері дайындалды, 3 000 шаршы метрден астам брусчатка төселді, жалпы ауданы 5 000 шаршы метрді құрайтын 8 футбол алаңының негізі әзірленді.
Көпқабатты үйлер ауласындағы ішкі өтпе жолдарды жөндеу және автотұрақтарды кеңейту үшін қосымша 400 млн теңге бөлінді. 37 000 м² асфальт жамылғысын жаңарту жоспарланған, оның 17 000 м² бүгінде орындалды. Сондай-ақ, тұрғындар өтінішіне сәйкес 2 000 м² шұңқырлы жөндеу жүргізілді.
Қоғамдық кеңістіктер де жаңартылуда. Жеңіс даңғылы мен Сәтпаев көшесінің ғимараттарына сәндік жарық шамдары орнатылды. Филармония алдындағы скверде (Мәдениет сарайы жанында) төсеу жұмыстарының 86%-ы аяқталды, фонтандар, жарықтандыру, суару жүйесі мен көгалдандыру жүргізілді. Қазақстан көшесінде (Микен маңындағы) плитка төсеу және абаттандыру элементтерін орнату аяқталуда. Ертіс жағалауында заманауи демалыс аймағы – баскетбол алаңы, скейт-парк, мурал және тынығу орындары салынуда. Чечек тауының етегінде автотұрақтар, аяқ жолдар, мангал орындары мен беседкалар жабдықталып, 40 орындық орнатылды. 8 шілдеге дейін бақылау алаңының құрылысы аяқталады деп жоспарлануда.
Қалалық жолдарды жөндеу жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Биыл орташа жөндеу 35 учаскені қамтиды. Бұл мақсатқа 3,86 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда 23 учаскеде жөндеу толық аяқталды, үшеуінде соңғы кезеңде, тағы сегізінде келесі аптада басталады.
Қиыршық тасты жолдарды жөндеу де қатар жүргізілуде — жоспарланған 46 км-дің 29 км-і аяқталды. Қала бойынша жаңа тротуарлар төселуде: 9,6 км-дің 2,4 км-і салынды. Шұңқырлы жөндеу 32 000 м² аумақта жүргізіліп, жоспардың 76%-ы орындалды.
Көше жарығына да назар аударылуда. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жеті учаскеге жарық орнатылды, есептік кездесулер нәтижесі бойынша тағы 30 жоба жүзеге асырылуда. Депутаттардың тапсырмасымен үш учаскеде – автовокзал маңы, жағалау және Арматура зауыты ауданында – жарық орнатылады. Мектептерге баратын жолдар да жарықтандырылып, оннан астам оқу орны қауіпсіз әрі жарық жолмен қамтамасыз етіледі.
Қаланың абаттандыру және инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жылдың екінші жартысында жалғасады. Кешенді тәсіл аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді қамти отырып, Өскеменде жайлы әрі заманауи қалалық орта қалыптастыруда.