6 шілде күні Шығыс Қазақстан облысында ерекше және жарқын форматта екі бірдей мереке – Ұлттық Домбыра күні мен Қазақстан Республикасының Су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қатар аталып өтті. Бұл күн өнер мен еңбекті біріктірген мерейлі сәтке айналды.
«Бүгін біз халқымыздың рухани байлығын және тарихы мен дәстүрінің ажырамас байланысын білдіретін ерекше мереке – Ұлттық Домбыра күнін атап өтудеміз. Домбыра – жай ғана музыкалық аспап емес, бұл – ұрпақтар сабақтастығының символы, өткен мен бүгінді, болашақты жалғайтын мұра. Осы асыл мұра жастарымызды шабыттандырып, мәдени болмысымызды нығайтып, бізді ұлы мұрамызды мақтанышпен болашаққа жеткізуге үндей берсін!» – деп құттықтады облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Е.П. Славский атындағы жағалаудағы «Өзен вокзалы» айлағында өткен мерекелік шараға облыс орталығының тұрғындары, ардагерлер мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Сол күні су шаруашылығы қызметкерлері де кәсіби мерекесін атап өтті.
Өскеменде Ертіс өзенінде орналасқан «Самал» отбасылық демалыс саябағынан бастау алған өзен кемелерінің парады өтті. Теплоходтар мен катерлер Е.П. Славский атындағы жағалау бойымен өтіп, Өзен вокзалына аялдады. Маршрут бойында өзен кемелерінде отырған домбырашылар күй орындап, ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады. Бұл ауқымды шара соңғы 40 жылда өңірдегі кеме қатынасы саласында алғаш рет өткізілді.
«Су ресурстарына бай Шығыс Қазақстанда кеме қатынасы қайта жанданып, серпінді дамып келеді. Бүгінгі ауқымды шара – соның дәлелі. Келер жылы біз бұл парадқа өзге облыстар мен шекара маңы мемлекеттерінен де қатысушыларды шақырамыз, өйткені Ертіс өзені мен оның акваториясы бұған толық мүмкіндік береді», – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Парадқа «Қазақстан су жолдары» компаниясының «Болат Карентаев», «Алтай», «КС-111» секілді теплоходтары, «BELALEKS» және ШҚО ТЖД катерлері қатысты. Сонымен қатар, гидроцикл иелері де белсене атсалысты.
Мереке концерттік бағдарламамен қорытындыланды.
Облыс әкімі келесі жылы ГЭС маңында ірі кемелер парадын өткізуге дайындық жұмыстарын бастауды тапсырды.