Самар ауданына қарасты Самар ауылында көп жылдан бері күтілген ауызсу жүйесін қайта жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын. 2019 жылы басталған жоба түрлі себептерге байланысты бірнеше рет тоқтап қалған болатын. Биыл сәуір айында құрылыс қайта жанданып, бүгінде нысанда ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл жоба — жүздеген тұрғынның өмір сапасы үшін аса маңызды.
— Ел көлемінде халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысы атап өткендей, тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – басты міндетіміз. Самар ауылындағы су жүйесі бойынша жұмыстар менің жеке бақылауымда. Жаңа су көзінен шыққан таза ауызсу 1 қыркүйекке дейін ауыл тұрғындарының үйлеріне берілуі тиіс, — деді Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов.
Ауданның басқа елді мекендерінде де ауызсумен қамту мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Қазіргі таңда Құлынжон, Аққала және Көкжыра ауылдарында үш су құбыры жобасы әлі толық аяқталған жоқ. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жергілікті тұрғындармен кездесуде бұл жұмыстарды аяқтап, үйлерді орталықтандырылған су жүйесіне қосуды тапсырды.
Бұл мәселені шешу — тек бағдарламаны орындау емес, ең алдымен халықтың өмір сүру сапасын арттыру және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету. Жергілікті билік жобаны соңына дейін жеткізіп, тұрғындарды тіршілік нәрімен қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр.