Өскеменде «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ-ның 60 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті

Өскеменде «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ-ның 60 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті

Шығыс Қазақстан облысында Өскемен титан-магний комбинатының 60 жылдық мерейтойы аталып өтті. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кәсіпорын ұжымын мерейтойымен құттықтады.
«Кәсіпорын көптеген көрсеткіштер бойынша алдыңғы қатарда. Заманауи жабдықтармен жабдықталған. Қазақстан титан өндірісі бойынша әлемдік нарықта маңызды орын алады. Мұндай кәсіпорындар еліміз үшін аса қажет», – деп атап өтті Мемлекет басшысы өз құттықтауында.
Сондай-ақ кәсіпорын ұжымын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев құттықтап, ТМК өнімдерінің әлемдік қажеттілігінің 20%-ын қамтамасыз етіп отырғанын және Airbus, Boeing, TIMET, АТ сынды жаһандық компаниялардың комбинаттың тұрақты серіктестері екенін атап өтті.
«ӨТМК – өңір экономикасында маңызды орын алатын, ірі салық төлеуші әрі қала құраушы кәсіпорын. Комбинат авиация, медицина, атом және қорғаныс өнеркәсібі үшін сұранысқа ие өнімді әлемдік нарыққа жеткізуде», – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Сонымен қатар, кәсіпорын ұжымын «ӨТМК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Сильван Геллер, AIRBUS компаниясының металл шикізаты мен бекіткіш бөлшектерді сатып алу жөніндегі вице-президенті Оливье Майяр, AIRBUS-тың титан, болат және арнайы қорытпалар бөлімі жетекшісі Жан-Бенуа Ферри, сондай-ақ «ӨТМК» АҚ президенті Әсем Мамутова құттықтады.
Мерейтойға орай кәсіпорынның үздік қызметкерлеріне мемлекеттік марапаттар табысталды.
«Мерейтой жылында үздік қызметкерлердің кәсібилігі мен мамандыққа адалдығы жоғары мемлекеттік марапаттармен бағалануы – ерекше мәнге ие. Бұл – әр қызметкердің күнделікті еңбегіне берілген әділ әрі лайықты баға», – деп атап өтті облыс әкімі.
«Барыс» I дәрежелі орденімен – «ӨТМК» АҚ президенті Әсем Мамутова, «Құрмет» орденімен – құрылыс және күрделі жөндеу басқармасының бастығы Максим Тесленко марапатталды.
«Еңбек даңқы» III дәрежелі ордені электролизші Дәурен Долдашевке, аппаратшы Артём Киселевке, пешші Юрий Куликовқа, хлорқұбыршы Досым Қомшановқа, аға шебер-технолог Құрмет Сауқабаевқа және №3 цехтың міндетін атқарушы басшысы Жазылбек Түктиевке табысталды. Сонымен қатар, үздік қызметкерлерге «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Еңбек даңқы» I және II дәрежелі төсбелгілері, сондай-ақ «Еңбек ардагері» құрмет белгісі табысталды.