Облыстық әкімдікте Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаевтың төрағалығымен көшпелі отырыс өтті.
Жиында туристік маусымның өту барысы, Риддер қаласының туристік әлеуеті, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері қаралды. Сонымен қатар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында Шығыс Қазақстан облысы бойынша қаржыландыру мәселелері мен денсаулық сақтау саласындағы бірқатар өзекті проблемалар талқыланды.
«Біздің елімізде туристік маусым дәстүрлі түрде жаз айларына сәйкес келеді. Қазір, яғни туристер ағынының күшейген кезеңінде, көлік және коммуналдық инфрақұрылымнан бастап, құқық қорғау органдары мен санитарлық бақылауға дейінгі барлық тиісті қызметтердің үйлесімді жұмыс істеуі маңызды. Басты басымдықтар – жоғары деңгейдегі сервис, қауіпсіздік, санитарлық ахуал және туристік саладағы кәсіпкерлік қызметтің ашықтығы», – деді Ермек Қошербаев.
Биылғы 8 сәуірде өткен Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі О. Бектенов Туризм және спорт министрлігіне, сондай-ақ бірқатар орталық және жергілікті атқарушы органдарға хаттамалық тапсырмалар берген болатын. Бұл тапсырмалар туризм саласын цифрландыру, инфрақұрылымды жақсарту, қызмет көрсету сапасының стандарттарын енгізу, инвестициялық тартымдылықты арттыру және санитарлық-этикалық нормалардың сақталуын бақылауды күшейту сияқты негізгі бағыттарды қамтыды.
Туризм саласындағы жағдай және Премьер-Министрдің тапсырмаларының орындалуы туралы Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев баяндама жасады.