ШҚО-да бірнеше демалыс нысанын салу жоспарлануда

ШҚО-да бірнеше демалыс нысанын салу жоспарлануда

Шығыс Қазақстан облысында шекара маңындағы аудандар мен алыс ауылдық елді мекендерді, сондай-ақ туризмді дамыту аясында бірнеше демалыс және тынығу нысандарын салу жоспарлануда.

Атап айтқанда, инвесторлардың көмегімен шекара маңындағы Зайсан және Тарбағатай аудандарында кинотеатр, және фастфуд орны бар кешендер бой көтермек.

Ал Өскемен қаласының сол жағалауында, Есенберлин және Қазбек би көшелерінің қиылысында жаңа кинотеатр салынады. Онда 17 зал болады және 2050 көрерменді қабылдай алады. Кинотеатр заманауи жабдықтармен және технологиялармен – лазерлік проекциямен, «Dolby Atmos» аудиожүйесімен, «Euroseating» креслоларымен және басқа да жаңалықтармен жабдықталады. Сыйымдылығының кең болуының арқасында көрермендерге кең ауқымды фильмдер таңдауы ұсынылады: қазақстандық туындылар, авторлық кино, балаларға арналған фильмдер, блокбастерлер және т.б. Сонымен қатар, кинотеатрда әртүрлі форматтағы залдар болады. Мысалы, премьералық залда қазақстандық фильмдердің премьералары танымал актерлер мен режиссерлердің қатысуымен өтеді.

Ал жайлылық пен тыныш атмосфераны бағалайтын көрермендер үшін кинотеатр аумағында орналасқан отбасылық мейрамхананың қызметін пайдалана алатын премиум залдар ұсынылады. Тамақты залдан шықпай-ақ, арнайы мобильді қосымша арқылы тапсырыс беруге болады. Сонымен қатар, қала тұрғындарының жайлылығы үшін кинотеатр аумағында автотұрақ пен саябақ аймағы да салынады.