Өскеменде мемлекеттік қызметшілер арасында республикалық спартакиада өтеді

Өскеменде мемлекеттік қызметшілер арасында республикалық спартакиада өтеді

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскемен қаласында өтетін жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері арасындағы республикалық спартакиаданың салтанатты ашылуына қатысты.

Спорттық жарыстарға еліміздің барлық өңірлерінен келген құрама командалардың шамамен 1300 қатысушысы қатысады.

11 маусым күні Шығыс Қазақстан облыстық жеңіл атлетикадан олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде спартакиаданың салтанатты ашылуы өтті, ал үстел теннисі орталығында мандаттық комиссияның отырысы ұйымдастырылды.

"12-16 маусым аралығында Өскемен қаласы мемлекеттік қызметшілер арасындағы спорт астанасына айналады – бізде еліміздің барлық өңірлерінен командалар қатысатын республикалық спартакиада өтеді. Бұл тек түрлі спорт түрлері бойынша жарыс емес, сонымен қатар тәжірибе алмасу, әріптестермен танысу, командалық рухты нығайтуға тамаша мүмкіндік. Шығыс Қазақстан облысының намысын облыстық спартакиадада үздік нәтиже көрсеткен қызметшілер қорғайды. Біздің спортшылар лайықты нәтиже көрсетіп, мықты мінез танытады деп сенемін.

Бұл спартакиада күш-жігер мен бірліктің мерекесіне айналсын. Барша қатысушыларға жарқын әрі әділ жарыстар, жаңа жеңістер мен ерекше әсерлер тілеймін. Шығыс Қазақстан қонақтарға қуанышты және нағыз спорттық күреске дайын!",– деп құттықтады қатысушыларды облыс әкімі. Спартакиада 9 спорт түрі бойынша өтеді: шағын-футбол, волейбол, жүзу, үстел теннисі, қазақ күресі, шахмат, арқан тартыс, тоғызқұмалақ және баскетбол.