Катонқарағай ауданында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық музыкалық фестиваль өтеді. Іс-шара Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылады.
Фестиваль бағдарламасы түркі халықтарының мәдени мұрасы мен тарихи сабақтастығының байлығын бейнелейді.
Сахнада Қазақстан эстрадасының жұлдыздары: «Музарт» тобы, Қобыланды Болат, Құралай Мейрамбек, «Абырой» және «Тұран» топтары және басқа да орындаушылар өнер көрсетеді.
Сондай-ақ, фестивальге Ресей, Моңғолия, Түркия, Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан және басқа да елдерден арнайы шақырылған өнерпаздар қатысады. Фестиваль аясында сахнада өнер көрсететіндер: Архан Уйгу (Саха, РФ), Алексей Ховалыг (Тува, РФ), Болот Байрышев (Алтай, РФ), DEFNE (Татарстан, РФ), Дильмұрад Гүлмұрадов (Өзбекстан), Мұхаммед Әли Учар (Түркия), Сүбедей Самдын (Моңғолия), Нұрайым Ақылбекова (Қырғызстан) және басқалар.
Фестивальдің шарықтау шегі ретінде Берел қорғанынан табылған қасиетті бейне – Штандарттың символикалық сахналық көрінісі ұсынылады. Бұл жәдігер – түркі әлемінің рухани мұрасын, тарихи ортақтығы мен мәдени байланысын білдіретін нышан.
Фестиваль аясында көрермендер этнографиялық сахналық қойылымдарды, тарихи композицияларды, дәстүрлі музыка мен билерді тамашалай алады. Фестивальдің мазмұнын ашатын тарихи қойылым төрт бөлімнен тұрады: «Терең тарихты Алтын Алтай», «Алтай – құпиялар мен байлықтар қоймасы», «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» және финал.
Өтетін күні, уақыты және орны:
14 маусым, Катонқарағай ауылы, ипподром, сағат 19:00.