Алтай ауданында сүт фермалары салынып, сүт өндірісі артып келеді

Алтай ауданында сүт фермалары салынып, сүт өндірісі артып келеді

Алтай ауданында ауыл шаруашылығы саласында 2028 жылға дейін жалпы инвестиция көлемі 49,6 млрд теңгені құрайтын 7 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.

Бұл туралы Алтай ауданының әкімі Ренат Курмамбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында мәлімдеді.

Негізгі бағыт — жалпы 5200 бас сауынды сиырға арналған алты сүт-тауар фермасын салу және жаңғырту. Аталған жобалардың жалпы құны – 42,3 млрд теңге, ал жыл сайынғы өнім көлемі 6,3 млрд теңгені құрайды деп күтілуде.

Флагмандық жобалардың бірі – Поляное ауылында 1075 басқа арналған сүт-тауар фермасының құрылысы. Бұл жобаны «Мойылды Байқоңыр» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Жоба жылына 6500 тонна сүт өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Чиркаин ауылында «Средигорненский-2» ЖШС Германиядан 95 жоғары өнімді симменталь тұқымды сиыр сатып алды. Биыл тағы 255 бас әкелінеді деп жоспарлануда. Осылайша, фермадағы мал басы 600-ге жетіп, жылына 2000 тонна сүт өндіруге жол ашылады.

Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде ауылдық жерлерде шамамен 200 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуын арттырып, табысын көбейтеді.

— Сүт өндірісінің дамуы өңдеуші кәсіпорындар, логистика, ветеринария және мал азығын өндіру сияқты салалардың да дамуына серпін береді. Сонымен қатар, ауданның азық-түлік қауіпсіздігі артып, ішкі нарықты табиғи өніммен қамту үлесі ұлғаяды, — деді Ренат Курмамбаев.

Жаңа фермалар заманауи агротехнологиялармен және техникалармен жабдықталады. Импорттық тұқымдар, автоматтандырылған азықтандыру және сауу жүйелері, сондай-ақ ресурсты үнемдейтін әдістер қолданылатын болады. Бұл өнім сапасын арттырып, сүттің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді.