Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов АҚШ-тың Қазақстандағы уақытша істер сенімді өкілі Дебора Робинсонмен кездесу өткізді. Дебора Робинсон Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді.Кездесуге облыстық туризм, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, экономика және бюджеттік жоспарлау, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармаларының басшылары қатысты. Америкалық тараптан кездесуге АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігінің экономика жөніндегі кеңесшісі Ксения Ройзинг, АҚШ Энергетика министрлігінің Қазақстандағы кеңсесінің директоры Виктория Санчес және Елшілік мамандары қатысты.
"Шығыс Қазақстан облысы – Қазақстандағы ірі аграрлық-индустриялық өңірлердің бірі. Экономиканың негізгі салалары – өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы. Сонымен қатар туризм әлеуетін дамытуға ерекше мән берілуде. Металлургия саласындағы жүйе құраушы кәсіпорындарға "Казцинк" ЖШС, "Өскемен титан-магний комбинаты" АҚ және "Үлбі металлургия зауыты" АҚ жатады.
Өскемен – машина жасау мен автокөлік құрастырудың тарихи орталығы, мұнда бұған дейін халықаралық брендтердің автокөліктерін шығарған "Азия Авто" зауыты табысты жұмыс істеген. Қазіргі таңда осы кәсіпорынның жұмысын қайта жандандырып, инвесторлар тарту арқылы электромобильдер мен гибридті үлгілерді шығару мүмкіндігі бар. Сонымен бірге литий құрамды шикізатты өңдеу үлкен маңызға ие.
Өңір ауыл шаруашылығы бойынша жоғары әлеуетке ие. Біз ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеудің заманауи технологияларын енгізу және экологиялық таза өнімнің экспортын арттыру бағытында ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделіміз.
Еліміздегі орман қорының шамамен 40 пайызы біздің облыста орналасқанын ескере отырып, ағаш өңдеу өнеркәсібін дамыту – болашағы зор бағыттардың бірі. Сондай-ақ балық шаруашылығын дамыту өзекті. Өңірдің су ресурстарының молдығы балық өндірісі мен экспортын арттыруға жағдай жасайды.
Осыған байланысты АҚШ Елшілігі мен сіздің тараптан жобаларды ілгерілету және америкалық инвесторлармен байланыстарды кеңейту бойынша қолдау көрсетілгеніне ризашылық білдіреміз. Біздің облыс пен АҚШ арасында орнаған ұзақ мерзімді әріптестік қазіргі таңда экономика мен гуманитарлық-мәдени салада нақты нәтижелерін беруде", – деп атап өтті Нұрымбет Сақтағанов.
Оның айтуынша, мұндай ынтымақтастықтың жарқын үлгісі – 1994 жылы құрылған халықаралық серіктестік негізіндегі Қазақстан-Американ еркін университеті, сондай-ақ 2003 жылы А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханада ашылған Қазақстандағы алғашқы Америкалық бұрыш.
"Сіздің бұл сапарыңыз өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту жолындағы маңызды қадам болады деп сенеміз", – деді облыс әкімі.
Дебора Робинсонның Шығыс Қазақстан облысына сапары аясында "ҮМЗ" АҚ, "ӨК ТМК" АҚ және "Казцинк" ЖШС кәсіпорындарына бару жоспарланған.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, өткен жылы Шығыс Қазақстан облысы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы тауар айналымы 75 млн АҚШ долларын құрады.