Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ШҚО әкімі дарынды оқушылармен кездесті

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ШҚО әкімі дарынды оқушылармен кездесті

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні  Өскемен қаласындағы Республика алаңында тігілген орталық киіз үйде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов дарынды оқушылармен кездесті.

Іс-шараның мақсаты – 2024-2025 оқу жылының қорытындысын шығару, білімде, шығармашылықта және спортта жоғары жетістіктерге жеткен оқушыларды облыс әкімінің марапаттау рәсімін өткізу.

Жаратылыстану-математика бағытындағы республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша облыс құрамасы «Үздік олимпиадалық команда» аталымы бойынша республикалық үштікке енді. Ал ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың нәтижесінде ШҚО оқушылар командасы жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерден үздік деп танылып, ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.

«Бүгін осында халықаралық, республикалық олимпиадалар мен спорттық жарыстардың, шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары жиналып отыр. Біздің жастар өте дарынды. Бүгінде жас қазақстандықтардың жетістігіне бүкіл әлем таңдай қағуда», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Сенімді түрде айта аламын, дарынды жастар – кез келген мемлекеттің мақтанышы. Себебі елдің болашағы көбіне сіздердің білімдеріңізге, тың идеяларыңызға байланысты. Ал сіздердің жетістіктеріңіз облысымыздың имиджі мен беделін қалыптастырады.

Біз сіздердің жетістіктеріңізді қызығушылықпен бақылап, облысты республикалық және халықаралық сайыстарда лайықты таныстырып жүргендеріңізге мақтанамыз. Облыс оқушыларының командасы соңғы бір жылда 185 медаль жеңіп алды. Оның ішінде – 22 алтын, 67 күміс, 96 қола медаль», – деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, дарынды және қабілетті жастарды қолдау және дамыту мақсатында облыста барлық жағдай жасалған. Балаларға жаңа балабақшалар мен жайлы мектептер салынуда, қосымша білім беру ұйымдарының желісі кеңейтілуде, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған спорттық секциялар ашылуда. Білім беру мекемелері жаңа үлгідегі кабинеттермен және зертханалармен жарақталуда. Сонымен қатар әрбір оқушының әлеуетін ашуға бағытталған жаңа жобалар жүзеге асырылуда.

Кездесуге қатысқан барлық оқушыларға облыс әкімінің атынан алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табысталды.

Мерекелік бағдарлама аясында Республика алаңында халықаралық және республикалық көркемөнерпаздар шығармашылығы байқауларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімімен қатар, көркемсурет бөлімінің бітіруші оқушыларының сурет көрмесі және №1 балалар музыка мектебі мен «Жұлдыз» балалар өнер мектебінің бітіруші оқушыларының камералық музыка концерті өтті.

Фонтан жанындағы музыкалық алаңда мереке концертпен және аниматорлармен бірге қозғалмалы ойындармен жалғасты.

Сол уақытта сол жағалаудағы этнопаркте балаларға арналған «7 керемет» атты ауқымды мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Онда балаларды «АРТ-БОЯУ» сурет байқауы, едендік ойындар, үстел ойындары, фоамиран, киіз басу және қағаз тоқу бойынша шеберлік сағаттары күтті.

Сонымен қатар «Қолөнер кемпірқосағы» шығармашылық шеберханасында балаларға тоқу өнерінің классикалық әдістері көрсетілді, ал музыкалық алаңда мерекелік концерт өтті.