Үлкен Нарын ауданында туризм саласын дамыту мақсатында Приморск ауылында жағажай аймағын абаттандыру, ауданның кіреберіс қақпаларын орнату, туристік ақпараттық орталықтың аумағын абаттандыру және Свинчатка ауылында демалыс базасын салу жоспарлануда.
Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдік отырысында Үлкен Нарын ауданының әкімі Елдос Байрахметов мәлімдеді.
"Үлкен Нарын емдік-сауықтыру, экологиялық және спорттық туризмді дамытуға үлкен әлеуетке ие. Қазіргі таңда ауданда алты туристік нысан жұмыс істеп тұр: "Приморск" демалыс базасы, екі қонақүй, "Абзал" пантоемдеу емханасы, "Арайлы Шығыс" және "Сұңқар" балаларды сауықтыру лагерьлері. Жаңа көлік инфрақұрылымы ауданға келіп-кетуге қолайлы жағдай жасап, өңірдің туристік тартымдылығын арттырады деп күтілуде. Бұл ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді", – деді ол.
Ауданда жол бойы сервисті дамыту бойынша да шаралар қолға алынуда. Аудан әкімдігі мен "ҚазАвтоЖол" АҚ-ның бірлескен жобасы аясында заманауи жол бойы сервистік нысан ашылды.