
Шығыс Қазақстан облысында зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласында кедендік бақылау күшейтілуде. Бұл туралы Кедендік әкімшілендіру басқармасының басшысы Темір Кулекин Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді.
Қазақстан Республикасының “Кедендік реттеу туралы” кодексінің 53-тарауына сәйкес, егер кеден рәсімдері барысында зияткерлік меншік құқықтарының бұзылу белгілері анықталса, мұндай тауарларды шығару мерзімі 10 жұмыс күніне тоқтатылады. Құқық иеленуші сотқа жүгінген жағдайда бұл мерзім тағы 10 күнге ұзартылуы мүмкін.
Мұндай өтініштер электрондық түрде жіберілуі мүмкін, алайда кейіннен құжаттардың түпнұсқасы ұсынылуы қажет.
Егер сот шешімі немесе тәркілеу туралы құжат ұсынылмаса, тауарларды шығару белгіленген тәртіппен жалғасады. Құқық бұзушылық расталмаған жағдайда, келтірілген шығынды құқық иеленуші өтейді.
Бұл шаралар дипломатиялық өкілдіктерге, халықаралық ұйымдарға және жеке пайдалануға арналған тауарларға қолданылмайды.
Департамент өкілдері атап өткендей, аталған реттеу әділ сауда мен құқық иеленушілердің мүдделерін қорғауға бағытталған және ЕАЭО аясындағы зияткерлік меншік жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді.